Павлодарда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға 2 млрд теңге жұмсалмақ

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық мәслихатының кезекті XXIX сессиясының отырысы өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Отырыс кезінде сөйлеген өңір басшысы Болат Бақауов Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасын орындауға барлық деңгейдегі бюджеттерден екі миллиард теңгеден астам қаражат бөлінетінін жария етті. Оның бір миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен болса, 1,3 миллиард теңгесі - республикалық бюджеттен.

«Ақсу қаласының Астана көшесі, 58 мекенжайындағы 102 пәтерлік тұрғын үйді сатып алу жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі кезде оған көпбалалы отбасыларды уақытша орналастырудың тетіктері ойластырылуда. Оған тек қана шынайы көмекке зәру отбасылар таңдап алынады»,- деді Болат Бақауов.

Облыс әкімі атап өткендей, 1 сәуірден бастап өңір бойынша көпбалалы отбасылардың 3,5 мың баласы балалар бақшасына тегін бара алатын болады.Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың 12,5 мың оқушысының мектепте тегін тамақтануы, жазғы демалысы мен киім-кешекпен қамтылуы мәселесі қолға алынады. Бұған қоса Б. Бақауов қала және аудан әкімдеріне бос қаражат қалдықтарын тек қана Елбасы тапсырмасын орындауға жұмсау қажеттігі туралы тапсырма берді.

«Көмекке зәру жандарды қолдау мәселесін зерттей келе, осы бағыттың жүзеге асуына тек бюджет қаражаты жетпейтініне көз жеткіздік», - деді ол. «Бұған барлық қоғамның, кәсіпкерлік өкілдерінің жұмылуы қажет. Осы орайда, қала және аудан әкімдері, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары осы мәселені бизнес өкілдерімен бірлесе шешуі тиіс».

Соңғы жаңалықтар