Павлодарда көп балалы 95 отбасы баспаналы болды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында бірінші кезекте мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен көп балалы отбасылар баспана алуда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақерке Еламанованың мәлімдеуінше, биылғы жылы Елбасының бастамасы бойынша 2% жеңілдік ставкасымен және 10% бастапқы жарнасымен «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Баспанаға қол жеткізгісі келетін жандардың төлем қабілеттілігін бағалаудан өткізу үшін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға 348 жолдама жіберген. - Оның ішінде банк 162 өтінімнен әртүрлі себептер бойынша бас тартты, - дейді Ақерке Еламанова. - Ал 186 өтінім қабылданды. Оның ішінде биылғы жылдың 29 қарашасындағы жағдай бойынша 175 өтінім мақұлданды. Атап айтқанда, бұл 95 отбасының ішінде көп балалы отбасылар саны - 18, толық емес отбасылар – 60 және 17 мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар екінші дәрежелі тұрғын үйлерден пәтер сатып алды. Қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі 80 өтініш беруші әлі де пәтер іздеу үстінде екенін атап өтті. Банк сатып алуға баспана табу үшін 3 ай уақыт береді.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге қол жеткізгендердің бірі - 6 бала тәрбиелеп отырған Жанар Қарашашева. Оның төртеуі өзінікі болса, екеуі асырап алған. - Бізде бұған дейін өз баспанамыз болған жоқ, - дейді Жанар Қарашашева. Бағдарлама өте жақсы, басқаша біз пәтер сатып ала алмас едік. Жаңа пәтерімізде бір жарым ай өмір сүрудеміз. Балалар риза, пәтер кең, аумағы - 67 шаршы метр. Алты балалы отбасы үшін бұл шағын, бірақ біз өте қуаныштымыз. Жұбайым екеуіміз де жұмыс істегендіктен бағасы қолжетімді деп ойлаймын. 19 жыл айына 53303 теңгеден бөліп төлейміз. Бірақ ертерек, кем дегенде он жыл ішінде толық жабуға тырысатын боламыз. Бұрын жалдамалы пәтерде тұрып жүрген отбасының ең кішкентай баласы - екіде, үлкені - 22 жаста. Жұбайы - құрылысшы, ал Жанар Қарашашеваның өзі - «Самал» оңалту орталығында педагог. Ол бұл мамандық өзіне жақын екенін, өйткені өз балаларының денсаулығында біраз қиындықтар бар екенін айтады. - Бар жинаған қаржымызға үй салдық, - дейді көп балалы ана. – Бірақ ол кішкентай болды. Біз оны сатып, тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салдық. Сол арқылы бастапқы жарнаға қол жеткіздік. Пәтер 11,5 млн теңге тұрды. Бағдарлама бойынша біз пәтерді 10 млн теңгеге алуымыз керек болды. Үй иесіне 1.5 млн теңге қаражат беріп, осы тұрғын үйге қол жеткіздік.

Айта кетейік, қазіргі уақытта банк бағдарлама бойынша барлық өтінімдерді қабылдады. Ал жаңа құжаттарды қабылдау тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар