Павлодарда қоқыс шығару тарифі өсуі мүмкін

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарлық кәсіпорын қоқыс шығару құнын 159-дан 322 теңгеге көтермекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Павлодарда бактардан қоқыс шығаратын «Спецмашин» ЖШС тарифті екі есеге қымбаттатпақ. Осы жылдың 30 қаңтарында «Спецмашин» ЖШС әкімдікке 2020 жылдың 31 қаңтарынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсетуді тоқтатыны туралы хат жолдады», - деді Павлодар әкімінің баспасөз қызметі.

«Спецмашин» ЖШС басшылығы өткен жылдың соңында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне өз қызметтеріне бағаны көтеру туралы өтініш білдірген.

Өз кезегінде аталған бөлімдер құжаттарды қалалық мәслихатқа осы мәселені қарау үшін берген.

«ТКШ мәселелері жөніндегі комиссия тариф өзгертілген жағдайда жеңілдік қарастырылатын азаматтарды, атап айтқанда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды есепке алу керектігі туралы шешім қабылдады», - деді әкімдіктен.

Бесінші және жетінші ақпанда тарифті көтеру туралы құжатты қарау бойынша мәслихат отырысы өтеді. Содан кейін мәслихат құжаттарды Әділет министрлігіне жібереді.

«Өз кезегінде әкімдік қала тұрғындарының құқығын қорғап, экология департаментіне, тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаментіне, сондай-ақ антимонополиялық департамент пен прокуратураға хат жолдады», - деп атап өтті Павлодар қалалық әкімдігінен.


Соңғы жаңалықтар