Павлодарда қимақ жауынгерінің бас киімі көрмеге қойылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тереңкөл ауданының тарихына, өткені мен бүгініне арналған «Тамыры терең туған жер» атты көрме ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Бүгінгі шара Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Ауданда өлкетану жұмыстарын жүргізу барысында табылған деректер мен тарихи мәліметтер, қасиетті орындар туралы мағлұматтарды ұсынып отырмыз. Мысалы, Сайділда қажының орны қасиетті деп танылған болатын. Бүгінгі көрмеге бойындағы ерекше қасиетімен танылған қажының жеке заттары әкелінді»,- дейді Тереңкөл ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Бектасова.

Былтырғы жылы 6 тамызда Елбасының Жарлығымен аудан атауы Тереңкөл деп қайта аталған. Зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде Качир ауданында Тереңкөл болысы болған Ілияс Жанкарин туралы деректер де көпшіліктің назарына қойылды.

«Біздің ауданымызда қазба жұмыстары жүргізілген болатын», - дейді ол. - Сол кезде табылған ең белгілі артефакті - қимақ жауынгерінің бас киімін осы жерден көруге болады. Бұдан басқа, әртүрлі археологиялық экспонаттар көрсетілуде. Ауданнан шыққан Екінші дүниежүзілік соғысының батырлары мен республика деңгейінде танылған тұлғалардың жеке заттары қойылған.

Еске сала кетейік, Сайілда (Шайдолла) Түйтібекұлы 1874 жылы дүниеге келген. 1908-1909 жылдары қажылыққа барған. 1926 жылы мешіт бұзылғаннан кейін көпке бармай дүниеден озған. Ел арасында қалған аңыздарға сүйенсек, көне шағатай тілінде жазылған қолжазбалардың көбі өзімен бірге жерленген, бірқатары жиендерінде сақталған.

Соңғы жаңалықтар