Павлодарда қараусыз жайылған мал жол апатына жиі себеп болады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚаАқпарат – Жыл басынан бері павлодарлық полицейлер иесіз жайылып жүрген 11 мыңнан астам малды айып тұрағына жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы кездері азаматтардың мал жаюға жауапсыз қарау жағдайлары жиілеп кетті. Оған қоса, мал иелерінің оларды еш қиындықсыз асырауға деген ұмтылысы басқалар үшін проблемаға айналуда. Тіпті соңы қайғылы жағдайға апарып соғатын кездер де болады. Өйткені жолда иесіз жайылып жүрген үй жануарлары жол-көлік оқиғасына себепші болып жатады», – деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, осындай апаттың салдарынан балалар ата-анасынан айрылған. Кешкілік мезгілде «ВАЗ-21014» автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі Ленин-Ертіс тасжолында жылқыларды қағып кетті. Олар жол бойында жайылып жүрген.

«Қайғылы апат салдарынан көлік жүргізушісі алған жарақатынан сол жерде қайтыс болды. 1990 жылы туған жұбайы ауруханада көз жұмды. 2014, 2015 және 2017 жылдары туған кәмелетке толмаған балалар түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды, – деп толықтырды департаментте. – Мал иелерінің жауапсыздығынан, шопан жалдап, қаражат жұмсамауы салдарынан бір отбасының тағдыры тәлкекке ұшырап, үш бала жетім қалды».

Бүгінгі таңда облыс аумағында 142 айыппұл тұрағы жұмыс істейді. Тек соңғы аптаның өзінде айып тұрағына 90-нан астам мал басы айдап әкелінді. Олар еш қараусыз жайылып жүрген.



Соңғы жаңалықтар