Павлодарда қант қызылшасын өңдейтін зауыт салуға инвесторлар қажет

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда қант қызылшасын өндейтін зауыт салу үшін инвесторлар іздестірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы агенттікке берген сұхбатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев мәлім етті.

«Осыдан екі жыл бұрын Ақтоғай ауданы мен Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылдық округіне тәжірибе ретінде қант қызылшасы отырғызылды, - дейді Төлеген Көшербаев. - Алқаптардың көлемі айтарлықтай үлкен  емес, бір-екі гектар ғана. Ол кезде біздің мақсатымыз - бұл өнімнің өңірімізде қалай өсетінін және қанттылығын білу еді. Осылайша, бір гектрадан 500 центнер өнім алдық. Бұл көрсеткіш картоптан да жоғары болып шықты. Кейін қант қызылшасын Астана қаласының зертханасына жібердік. Біздің қызылша 23 пайыз қанттылығын көрсетті. Бұл оңтүстіктегі көрсеткіштен 6-7 пайызға жоғары».

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қант қызылшасын жинау кезінде қарбыздың көлеміндей және салмағы он келіге дейін жететін қызылшалар кездескен.

«Біздің тауар өндірушілер қант қызылшасын өсіруге дайын. Тәжірибе нәтижесі облысымыздағы ауа райының қолайлы екенін көрсетті. Енді алдымызда шешілмей тұрған екі мәселе бар.  Біріншісі - тауар өткізу нарығы, екіншісі - қант қызылшасын өндейтін зауыттың құрылысына инвестор табу. Бүгінде бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Төлеген Көшербаев.   

 

Соңғы жаңалықтар