Павлодарда халыққа кеңес беретін жылжымалы орталық жұмысын бастады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда халыққа әлеуметтік сұрақтарға қатысты кеңес беретін жылжымалы мобильді орталық жұмысын бастады. Бұл туралы қала әкімі Әнуар Күмпекеев Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің тапсырмам бойынша Павлодар қаласында халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі «Мобильді орталық» өз жұмысын бастады. Жылжымалы пунктте жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, білім беру және қаржы басқармалары мамандарының консультациялары қарастырылған», - деп жазды қала әкімі.

Орталық әр сәрсенбі, жұма және сенбі күндері қаланың қоғамдық орындары мен Павлодарға жақын маңдағы ауылдық аймақтарда жұмыс істейді.

«Бүгінгі күні «Мобильді орталық» қызметі 140-тан астам адамға қол ұшын созды, оның ішінде 25 адам жұмысқа орналастырылды. Келушілердің барлығына кеңес беріледі. Енді павлодарлықтар үшін жұмысқа орналасу, тұрғын үй кезегіне тұру және әлеуметтік төлемдерді рәсімдеудегі қажетті қызметтердің қолжетімділігі арта түсті. Яғни тұрғындар өздерін қызықтыратын ақпаратты жылдам әрі тиімді алуы үшін біз осы жобаны әзірледік», - дейді Ә. Күмпекеев.

Оның айтуынша, аталған бағыттағы жұмыстар арқылы әкімдіктің әлеуметтік қызметтері халыққа одан да жақындай түседі.

Соңғы жаңалықтар