Павлодарда фармацевтің қателігінен бала антидепрессанттан уланды

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарлық әйелге фармацевт қателесіп, дәрігер тағайындаған дәрінің орнын басқа дәрі сатқан. Оны әйел адам баласына ішкізген, бала уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Лермонтов көшесіндегі дәріханалардың бірінде қала тұрғыны 2019 жылы туған балаға дәрігердің рецепті бойынша дәрі сатып алған. Дәрі қабылдағаннан кейін кәмелетке толмаған баланың денсаулық жағдайы нашарлаған», - деп хабарлады журналистерге Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Анасы дереу жедел жәрдем шақырған. Бала ауруханаға антидепрессанттармен улану диагнозымен түсті.

«Анықталғандай, фармацевт қателесіп, дәрігердің тағайындауынан басқа дәріні сатқан», - дейді полиция.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Осыған дейін Павлодар облысында жол апатынан 3 адам қаза тапқаны хабарланды.



Соңғы жаңалықтар