Павлодарда Естай ақынға ескерткіш орнатылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы Естай атындағы қалалық мəдениет сарайының алдына ақынның ескерткіші орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Аталған мəселе облыс əкімінің орынбасары Асхат Ораловтың қатысуымен өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жөніндегі сараптау кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Жиын кезінде өңіріміздегі қала мен аудан өкілдері өз жобаларымен таныстырды. Облыс əкімінің орынбасары бұл мəселеде санның емес, сапаның маңызды екендігін ескертті.

«Соңғы екі жылда біраз жобалар іске асырылды. Бірақ, бізге жобалардың саны емес, сапасы керек. Өңірімізді үлгі ететін нақты жобалар күтеміз. Бізде өзге облыстарға үлгі болу үшін барлық жағдай жасалған», - дейді Асхат Оралов.

Облыс əкімінің орынбасары Саян Мұқанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл қалада жүзеге асырылатын жобаларды санамалап шықты. Айталық, осы жылы ақын Естай Беркімбайұлының ескерткіші мен музейі ашылмақ. Ескерткіш Естай атындағы мəдениет сарайының маңында бой көтерсе, музей болса, сарай ішінде ашылады. Жоба құны 35 миллион теңге. Оны жүзеге асыру демеушілер тарапынан қаржыландырылмақ.

Тағы бір ескерткіш Екібастұзда бой көтермек. Қазақтың ұлы қолбасшысы Бауыржан Момышұлына арналған монумент Екібастұздың орталық көшелерінің бірінде жылдың соңына дейін салынады.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зинаида Мұхаметжанованың айтуынша, Строительная көшесінің атауы өзгеріп, оған батырдың аты беріледі.

Кеншілер қаласында жүзеге асырылатын тағы бір тың жоба - Сəбилер аллеясы. Оған сəйкес, Екібастұзда туған əрбір нəрестенің құрметіне ата-анасы белгіленген жерге бір түп ағаш отырғызады. Май ауданы болса, «Рухани жаңғыру» аясында «Алма бағы» жобасын ұсынды. Ол бойынша аудан орталығында тамшылап суару тəсілімен алма ағашын егіп, өнім алып, жастарды еңбекке баулу көзделеді.

Соңғы жаңалықтар