Павлодарда есепке алынбаған алкогольдік өнім шығару фактісі анықталды

None
None
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жедел шаралардың нәтижесінде қаржы полициясы органдарының қызметкерлері Павлодар қаласында арақ-шарап зауытының аумағында есепке алынбаған алкогольдік өнім шығару фактісін анықтады.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Ағымдағы жылғы шілденің 23-інде «Innova» ЖШС-нің иелігіндегі Павлодар арақ-шарап зауытының аумағында жүзеге асырылған жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алкоголдік өнімді шығарумен заңсыз айналысатын өндіріс бағыты анықталды. Алкоголдік өнімді заңсыз шығару жұмыс уақыты біткен соң басталып отырған», деді ресми өкіл.

 М. Жұманбайдың сөзіне қарағанда, жұмыс күні аяқталғаннан кейін салық органдарымен пломбыланған атау қағазын жапсыратын барабан алынып, оның орнына басқасы орнатылып отырған. Дайын өнімі бар шөлмектерге бес ай бұрынғы, яғни  шығару мерзіміне сәйкес келмейтін мәліметтер белгіленген. Сондай-ақ шөлмектер жалған есепке-алу бақылау маркаларымен таңбаланған.

 «Өткізілген жедел-іздестіру шараларымен 2 қоймалық ғимарат анықталды. Онда «Innova» ЖШС және басқа да өндірушілердің алкогольдік өнімі бар жалпы саны 400 мың шөлмек табылды. Тексерген кезде бұл шөлмектерге жалған ақпарат беретін күмәнді есепке-алу бақылау маркалары жапсырылған. Оған қоса, құю цехының шатырында орналасқан жасырын бөлме анықталды. Онда жалған есепке-алу бақылау маркаларын жасайтын 3 арнайы аппарат және дайындалған есепке-алу бақылау маркаларын тексеретін сканер орналастырылған», деді ресми өкіл.

 Сонымен қатар кеңсе ғимаратындағы бухгалтерия бөлмелерінде арнайы шкафтың артындағы қабырғаның ішінде жасалған жасырын орын анықталды. Онда заңсыз бухгалтерия және компьютерлік техника табылды. Жалған кәсіпорын болып табылатын заңды тұлғалардың мөрлері де тәркіленді.

 «Агенттіктің Тергеу департаментімен акцизделетін тауарлардың акциздік маркалармен және есепке-алу бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзу, жалған есепке-алу бақылау маркаларын пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», деді Мұрат Жұманбай.

Соңғы жаңалықтар