Павлодарда «Ertis» мультимедиалық музейі ашылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Цифрлық музейге келушілер көне палеозой дәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі экспонаттарды көре алады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бірегей музей Есенәлиев көшесі, 2 мекенжайындағы екі қабатты ғимаратта орналасқан. Бір сәтте 600 адамды қабылдай алатын музей әлемнің ірі тарихи-жаратылыстану музейлерінің үлгісімен құрылған. Онда геология, физикалық география, ежелгі флора мен фаунасынан, Ертіс-Баян өңірінің палеозой заманынан бастап казіргі кезеңге дейінгі тарихын қамтиды.

«Бүгін тарихқа енетін оқиға орын алуда. Павлодар облысында соңғы рет 1992 жылы музей ашылған екен. «Рухани жаңғыру» арқасында осындай жобаны жүзеге асырып отырғанымыз қуанышты. ERG компаниясы 300 миллион теңге қаражат бөліп, Ертістің бойында осы музей ашылды. Жағалауымыз одан әрі әрлене түсті деп ойлаймын. «Ұлы даланың жеті қыры», «Цифрлы Қазақстан» аясында бірегей цифрлық музей салынып отыр. Салынуына атсалысқандардың баршасына алғыс айтамын. Павлодар қаласына келгендерге бұл музей өте қызықты болады деп сенемін», - деді музейдің ашылуында облыс әкімі Болат Бақауов.

Жалпы ауданы 2,4 мың шаршы метрді құрайтын музейде 300-ден астам экспонат бар. Жаңа музей бұрынғы өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі музейінің орнына ашылды.

Музей директоры Гүлнәр Нұрахметованың айтуынша, бұл өлкетану музейінің филиалы. Тұжырымдамасын жасауға 2 жылдай уақыт кеткен.

«Тарихымызды заманауи түрде көрсеткіміз келді. Қазақстанда бұндай музей жоқ. Тек Ресейде бар. Біз сол Ресейдегі музейге барып, бәрін қарап шықтық. Ғалымдармен жұмыс жасадық. Аумағы кең болғандықтан музей түні сияқты шаралар көп өтіп тұратын болады. Ең ескі экспонаттар – ежелгі бұғы мен бизонның қаңқалары. Олар 10 мың жылдан асқан жануарлардың қаңқасы. Ең жаңасы – ежелгі аңдарға қарап жасалған заманауи көшірмелері. Музейде барлығы 33 адам жұмыс жасайды. Сонымен қатар, музейде Павлодар облысының геологиялық және сакралды орындарының картасы бар», -дейді Гүлнәр Нұрахметова.

Айта кетейік, жаңа мұражайды «Лучеза» ЖШС жобалаған. Мердігер «Связьдеталь» ЖШС құрылыс жұмыстарымен айналысқан. Ал, Ертіс өңірі үшін бірегей көрмені «MK-Өнер_KZ» компаниясы дайындаған. Музей экспозициясының құрылымына мультимедиа жабдықтары, безендірілген инсталляциялар, қабырға суреттері, мүсіндерді дайындау, экспонаттардың көшірмелері мен нақпішіндері, оған қоса, залдардың безендірілуі кіреді. «Ertis» мультимедиялық музейі барлық музейлер сияқты дүйсенбіден басқа күннің бәрінде жұмыс жасайды.


Соңғы жаңалықтар