Павлодарда ең үздік жас отбасы анықталды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығында «Ең үздік жас отбасы» облыстық байқауы өтті. Қыркүйектің екінші жексенбісіне бекітілген Отбасы күнін мерекелеуге орай өткізілген байқауға 12 жас отбасы қатысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Қатысып отырған 12 отбасы қатарында жуырда ғана үйленген жас шаңырақ иелері, сондай-ақ жас болса да көпбалалы отбасылар бар. Шығармашыл отбасылар, шығармашылыққа қатысы жоқ отбасылар да келіп отыр»,- деді байқауды ұйымдастырушы «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Жұлдыз Малдыбаева.

Байқаудың мақсаты - отбасылық құндылықты насихаттау. Соңғы кезде белгілі болғандай, өңірде отбасылардың ажырасуы жиі орын алуда.

«Сондықтан көрермен ретінде жастарды, оның ішінде колледж студенттерін шақырып, солардың бойына ізгілік дарытқымыз келеді.

Байқауға қатысу үшін 17 отбасы өтініш берді. Олардың әрқайсымен жеке сұхбаттасып, белсенділерін таңдап алдық», -дейді Жұлдыз Малдыбаева.

Байқау ережесі бойынша жас отбасылар екі кезең бойынша сайысты. Бірінші кезеңде өздерінің танысу тарихын бейнежазба арқылы баяндаса, екінші бөлімде өз өнерлерін көрсетті. Ақтоғай ауданына келген Құсайындар отбасы отау құрғандарына 3 жыл толған. Екінші бөлімге поэзиядан ерекше туынды дайындап әкелген.

«Облыстық сайысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Өзім аудан орталығындағы өнер мектебінде театр бағытында сабақ беремін. Жұбайым тігін өнерімен айналысады. Жеке кәсібін ашты. Өркендеп өсіп келе жатқан ұлымыз 2-ге толды. Бүгінгі байқауға Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінен диалог жасап, қорытындысына өз өлеңімді қосып дайындадық»,- деді отағасы Аңсаған Құсайын.

Байқау ортасындағы үзілісте көрермендермен ойындар ойнатылып, сыйлықтар таратылды. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған байқауда үздік танылған 5 отбасыға теледидар табысталды. Қатысқан өзге де ұйымдастырушыларға демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар берілді. Жүлдегерлерге марапаттарын облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов табыс етті.

«Елбасымыз әрқашанда жастарға, жас отбасыларға баса назар аударады. Осыған орай Жастар жылы жарияланды. Біздің өңірдің басшылығы жастарға қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Бүгін республикалық деңгейде «Мерейлі отбасы» байқауы өтуде. Ол жерде біздің облыста жеңімпаз атанған әулет қатысуда. Ал, мынау жас отбасыларға арналған байқау. Бұл сайысты дәстүрлі етіп, жылда өткізу жоспарда бар. Қазіргі уақытта басқаларға үлгілі отбасы қажет. Сондықтан бүгін қатысқан әр отбасы жеңімпаз деп санаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, балаларыңыздың қызығын көруді тілеймін»,- деді өз құттықтауында Асхат Оралов.

Байқау нәтижесінде Павлодар қаласынан Сапар отбасы, ақтоғайлық Құсайындар, баянауылдық Құдайберген, Ертіс ауданынан Дариға және май ауданынан Жұлдыз отбасы жеңімпаз атанды.


Соңғы жаңалықтар