Павлодарда дәрігерлер науқасты реанимобильге зембілмен екі шақырым бойы көтеріп жеткізді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Қар қалың жауғандықтан жедел жәрдем көлігі инфаркт алған 67 жастағы пациенттің үйіне жете алмай қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқиға қаңтардың 25-інен 26-сына қараған түні Павлодар маңындағы Жетекші ауылында болған. Жүрек тұсы ауырғаны жөніндегі қоңырауға кардиологиялық бригада жіберілді, алайда ол жерге келген медицина қызметкерлері үйге жете алмаған. Жолды қар басып қалған. 103 қызметінің қызметкерлері науқастың үйіне дейін жаяу жүруіне тура келген. Ер адамға өкпе ісінуі диагнозы қойылды», - деп хабарлады Павлодар облысының жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметі.

Оған алғашқы көмек көрсеткен дәрігерлер науқасты зембілмен екі шақырым жаяу жүріп, реанимобиль көлігіне дейін алып кеткен. Қараңғы түскен уақыт пен қар құрсауына қарамастан науқасты стационарға жеткізді, қазір оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ.

«Павлодар облысының ішкі жолдары ауа райының қолайсыздығына байланысты жабық екеніне қарамастан, жедел жәрдемнің санитарлық авиациясы шұғыл шақыруларға барады. 27 қаңтарда таңертең, 103 пультіне Баянауыл ауданынан қоңырау келіп түсті. Санавиация бригадасы шұғыл түрде аудандық ауруханаға келіп, кішкентай пациентті облыстық балалар ауруханасына апаруға дайындауда», -дейді жедел жәрдем қызметінің өкілдері.

Өткен демалыс күндері Павлодар облысында телефон арқылы кеңес бере отырып әйелді босандырып алды. 103 қызметіне 32 жасар жүкті әйелдің жиі толғата бастағандығы жөнінде қоңырау келіп түскен. Жедел жәрдем бригадасы оған жеткенше, диспетчер пациенттің жұбайына дәрігерлер келгенге дейін не істеу керектігін айтқан.

«Медициналық қызметкерлер шақырту келіп түскеннен кейін бес минуттан соң оқиға орнында болған. Жаңа туған сәби мен оның анасын № 1 қалалық ауруханаға жеткізді, қазір олардың жағдайы жақсы», - деді жедел жәрдем қызметкерлері.

Баянауыл ауданы Майқайың кентінде тағы бір яһаяғы ауыр келіншек үйде босанды. Жедел жәрдем бригадасы 29 жасар әйелдің үйіне келіп, босандырып алған. Жаңа туған нәрестеге алғашқы көмек көрсетілді, содан кейін анасымен бірге кенттің стационарына жеткізілді.

«Бүгінгі таңда вирустық инфекциялардың таралуына байланысты 103 қызметіне тәулігіне 1 мыңнан астам қоңырау келіп түсуде, бұл әдеттегі күндерге қарағанда 30-40 пайызға көп», - дейді дәрігерлер.

Авторы Антон Гагарин


Соңғы жаңалықтар