Павлодарда дәрігерлер құлатып алған бір жасар баланың қабырғасы сынған

Фото:
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда баланы жарақаттау фактісі бойынша жедел жәрдем бригадасына қатысты қызметтік тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сәуірдің 6-сы күні сағат 21:03-те жедел жәрдем шақыра бастадым, себебі құрысу белгілерінен кейін баламның жүрегі тоқтап қалды. 5 минуттан кейін ғана қоңырауды алды. Мұндай жағдайды ескеретін болсақ, бұл – өте ұзақ», - деп жазды павлодарлық әйел жантүршігерлік оқиға туралы tipavlo.dar Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, дәрігерлер тез жеткен. Бірақ қандай науқасқа келе жатқанын біле тұра, жиналмай келген.

«Оттегі болмады, бұдан кейін шұғыл көмек көрсету үшін қалған құралдарды алуға қайтадан үш рет төмен түсті. Қаншама уақытты бекер жоғалтып алды», деді ол.

Әйелдің айтуынша, алғашқы көмек көрсету кезінде баланың қабырғасын сындырып алған.

«Бұл ештеңе емес, ауруханаға бара жатқанда баланы басымен құлатып алған. Қазір балам ауыр халде ауруханада жатыр», - деп хабарлады нәрестенің анасы.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2021 жылы туған бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

«Жағдайы тұрақты ауыр. Диагнозы - екі жақты полисегментальды пневмония. Сонымен қатар, церебралды сал ауруы, психомоторлық дамудың кешігуі, симптоматикалық эпилепсия бар. Сондай-ақ, сегізінші қабырғасы сынған. Аталған факт бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр», деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.


Соңғы жаңалықтар