Павлодарда «Дала сұлулары» көрмесі ашылды

None
None
 ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыстық көркемсурет музейінде ашылған жергілікті суретші Алтын Қисамиденованың көрмесінде 70-ке жуық сызба және кескіндеме туындысы ұсынылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Суретшінің «Дала сұлулары» әйелдер портреттер сериясы таңғажайып пен көркемдікке толы. Әйел бейнесін ақ қағазға түсіруден шабыт алатын қылқалам шебері қазақ қыз-келіншектері мен аналарына тән ерекшелікті, қанша уақыт өтсе де әйел отбасы тірегі мен ошақ иесі болып қала беретіндігін сурет арқылы көрсетуге тырысады.
null 

 «Пастельде жұмыс істеу кез келген суретшінің қолынан келе бермейді. Ал, бұл жерде Алтын Қисамиденованың осы әдіспен орындалған ерекше жұмыстары қойылған. Бұлар- 2011, 2017, 2018 жылдар аралығында салынған туындылар», - дейді экскурсия жүргізуші Бақытгүл Әділбек.  
null 

Оның айтуынша, көрмеге ұсынылған шығармалар Ыстықкөл, Алматы, Астана және Павлодар қаласында орындалған пейзаждар сериясын құрайды. Кең жазира даланың әсем көрінісін, сыр-сипатын беру арқылы еліміздің табиғатын сүйіспеншілікпен бейнелейді. Қайталанбас сұлулықты бейнелеуде қасиетті атамекен топырағының жылулығын көркемсурет өнері арқылы жеткізеді.
null 

Алтын Қисамиденова 1962 жылы Павлодар облысы Ленин кентінде дүниеге келген. 1987 жылы Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институты көркем-сызба факультетінің «Бейнелеу өнері, сызу және еңбек пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. 2005 жылдан Павлодар көркемсурет колледжінің кәсіби пәндер оқытушысы. Портрет, пейзаж, натюрморт, тақырыптық жанрында жұмыс жасайды. Республикалық, облыстық, қалалық шығармашылық көрмелер, конкурстар және жыл сайын өткізілетін пленэрлердің белсенді қатысушысы.
null 

Айта кеткен жөн, көрме 30 желтоқсанға дейін жұмыс істейді. 

null null 

Соңғы жаңалықтар