Павлодарда Covid-19-ға қарсы жедел штабтың отырысы өтті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Covid-19-ға қарсы жедел штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев 25 қаңтардағы жағдай бойынша өңірде 15 қала мен ауданның 12-сі «қызыл аймақта» екенін атап өтті. Жалғыз Баянауыл ауданы - «сары аймақта». Сондай-ақ өңірдегі 40 ауыл «қызыл аймақта» тұр.
- 27 қаңтардағы жағдай бойынша облыста коронавирустың расталған 12328 жағдайы анықталды. Соңғы 2 аптадағы жағдайды алып қарасақ, 11-17 қаңтар аралығында - 616, 18-24 қаңтар аралығында 1339 жағдай тіркелген. Бұл қазіргі карантиндік шектеу шараларын сақтауды және ережелерді ұстануды қатаң бақылауды талап етеді. Өткен тәулікте 219 КВИ жағдайы анықталды, - деді Батырбек Әлиев.

Оның айтуынша, облыста 2020 жылдың наурыз-желтоқсан айларында өндірістік кәсіпорындарда 803 КВИ жағдайы тіркелген. 1 қаңтардан бері 248 дерек анықталды. Коронавиус инфекциясына шалдыққандар «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Қазхром» ТҰҚ» АҚ және «ERG Service» ЖШС көбірек болып отыр.
- Кәсіпорындарда 48 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған ереже бұзушылықтарға байланысты жалпы сомасы 5 миллион 500 мың теңгеге 14 әкімшілік айыппұл тағайындалды, - деді департамент басшысы.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қалалар мен аудандардың және кәсіпорындардың басшылығына шектеу шараларын күшейтуді және олардың сақталуын бақылауды тапсырды.
- Апталық көрсеткіштерге қарағанда Екібастұз, Ақсу қалаларында және Ертіс, Железин, Май аудандарында өсу байқалады. Ал, Шарбақты, Успен, Павлодар аудандарында төмендеу бар. Ішкі жағдаймен қатар, мемлекеттік шекараға жақын аудандарда қозғалысты бақылау қажет. Жол бойындағы қызмет көрсету орындарында талаптарды сақтап, дезинфекциялық жұмыстардың тұрақты жүргізілуін қадағалау керек. Екібастұз қаласының жағдайды тұрақтындыру бойынша тәжірибесі бар. Қазір де сол тәжірибені қолдану қажет, - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Павлодар облысында 12328 адам КВИ жұқтырған. 10793 адам індеттен жазылып шықты. 99 адам көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар