Павлодарда бірқатар көшелер жөндеу жұмысына жабылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 30 шілдеде облыс орталығында Сәтбаев, Астана және Баян батыр көшелерінің жол жабындысын жөндеу жұмыстары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар облысының әкімі қала басшылығының облыс орталығындағы жол жөндеу жоспарымен танысты.

Әбілқайыр Сқақов жөндеу жұмысын ұйымдастыруға жауапкершілікпен қарап, павлодарлықтарға көшелердің уақытша жабылуы туралы дер кезінде хабарлауды және жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

Астана көшесінің жолы күрделі жөндеуден өтеді.

Мердігер ұйымдар Торайғыров көшесінен бастап Ломов көшесіне дейінгі аралықты учаскелерге бөліп жөндейді.

Ак. Сәтбаев және Баян батыр көшелерінде «Onyx» полимерлі жабындысының орнына асфальт-бетонды жабынды салу туралы шешім қабылданды.

Жақын күндері бұл көшелерде жол жабындысын фрезерлеу жұмысы басталады.

Ак. Сәтбаев көшесіндегі жөндеу жұмыстары Торайғыров көшесінен Қайырбаев көшесіне дейін және Кривенко көшесінен Естай көшесіне дейінгі аралықта жүргізіледі.

Баян батыр көшесіне келетін болсақ, мұнда жөндеу жұмыстары Химқалашықтағы айналмадан Торайғыров көшесіне дейін жүргізіледі.

Барлық үш көшедегі жөндеу жұмыстарын 15 күннің ішінде аяқтау жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар