Павлодарда биенің құрғақ сүті сатылуда

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Greenwich және Small сауда нүктелерінде биенің құрғақ сүті сатыла бастады. Бұл туралы Лебяжі ауданындағы «Алтай» ШҚ-ның басшысы Сәтбек Мукин айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 

- Павлодарлық «Fresh Milk» компаниясымен бірге өз қаржымызға 730 мың еуроға сублимациялық аппарат сатып алдық, - дейді Сәтбек Мукин.

- Италияда шығарылған жабдық электр энергиясын көп мөлшерде тұтынады. Ал, жеке меншік шаруашылық ауылдан 10 шақырым жерде орналасқан. Біздің  трансформациялық қосалқы станцияның электрмен жабдықтауға мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан облыс орталығындағы компанияның кәсіпорнында өңдеу жұмыстары жүргізілсе, өндіріс базасы ауылда орналасқан.  Аппараттың  қуаттылығы 200 литр қымызды өңдеу жолы арқылы 20 келі биенің құрғақ  сүтін алуға мүмкіндік береді».

 Кәсіпкердің айтуынша, салмағы 100 грамм биенің құрғақ  сүті 3000 теңгеден босатылады. 100 грамы бір литр суға қосылады.  Қолдану мөлшеріне шектеу қойылмайды. Екі түрлі жолмен - сумен араластыру  арқылы немесе құрғақ күйінде тұтынуға болады. Дегенмен еш қосындысыз пайдаланған анағұрлым пайдалы. Себебі сублимациялық әдіспен алынатын өнімнің құрамында дәрумендердің 95 пайызы сақталып қалады. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінге дейін облыс орталығына және Астана, Алматы өңірлеріне 600 келіге жуық өнім жіберілген.

- Бұл нағыз таза табиғи симбиотик. Ағзадағы жасушыларды қалыпқа келтіреді және иммунитетті нығайтады. Қымыздың мұндай түрін зерттеген ресейлік ғалымдар оны балалардың тамағына қосуды жоспарлап отыр. Тіпті, әйел адамдарға жүктілік кезінде пайдаланған өте пайдалы.

Айта кетерлік жайт, біздің өнімді екіқабат кезінде тұтынған таныс әйел адам дүниеге дені сау сәби әкелген. Бала сары ауру сияқты ешбір ауруға шалдықпаған, - дейді қожалық иесі. Сәтбек Мукин биыл  400 бас ірі қараға  екі база мен  малды азықтандыруға арналған арнайы база салуды көздеп отыр.  Мақсатын жүзеге асыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ несие алуға өтініш жолдаған. Кәсіпкер  республика бойынша өз өнімін тасымалдайтын серіктесі «Fresh Milk» компаниясын сүтпен қамтамасыз етеді.  Қазір қыс мезгілінде сауылатын бие саны аз, дегенмен тәулігіне 15-20 литр қымыздың құрғақ түрі өндіріледі. Болашақта сауылатын бие санын 120-ға дейін жеткізу жоспарда бар. 

Соңғы жаңалықтар