Павлодарда Бердібек Сапарбаев көпбалалы жұмысшылармен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1 маусым күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нефтехим LTD» кәсіпорнында Министрлік басшысы облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерін сақтау жұмыстарымен танысып, зауытта жұмыс істейтін көпбалалы аналармен кездесті.

Ұжыммен әңгімелесу барысында министр өндірістегі еңбек жағдайлары мен жұмысшыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы сұрады.

Көпбалалы ана Гүлзия Казкенова 2013 жылдан бері өндірісте жұмыс істейді.

Оның айтуынша, жұмыс шарттары, жалақы мен әлеуметтік пакет лайықты өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін оңтайлы болып табылады.

«Жұбайыммен бес бала тәрбиелеп отырмыз, ол өрт сөндіру бөлімінде еңбек етеді. Мен ауысымды жұмыста істеймін. Мұндай кесте мен үшін өте ыңғайлы, өйткені осылайша мен балаларға көңіл бөлуге үлгеремін. Бүгін біз, көпбалалы отбасылар, өз балаларына лайықты болашақты қамтамасыз ете отырып, барлығымен бірдей еңбек етуге, табыс табуға, мансаптық баспалдақпен жоғары қарай баруға мүмкіндігіміз бар екенін айтқым келеді», - деді көпбалалы ана алғыс айта отырып.

Министр кәсіпорынның жұмысын, әлеуметтік-экономикалық даму мен халықты қолдауға қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Елбасы және Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды міндет қойды. Ең алдымен, біздің еліміздің дамуы әрбір азаматқа байланысты. Егер біз бірге жұмыс істеп, өз үлесімізді қоссақ, онда Қазақстан дамитын болады, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасы жақсарады» - деп, атап өтті министр.

Компания метил трет-бутил эфирінен (МТБЭ), түйіршіктелген полипропилен, полипропиленді мата қапшықтарды өндірумен айналысады.

Айта кету керек, соңғы өндірістік цехқа көбінесе әйелдер еңбегі жұмылдырылған.

Кәсіпорын директоры Жанат Маралбаевтың айтуынша, бүгінде екі цехта 30-ға жуық жұмыс орны бос тұр.

«Жақын арада сыйымдылықты 3 есеге кеңейтуге байланысты әйелдер еңбегі жұмылдырылған жұмысшы кадрларға деген қажеттілік ұлғаяды», - деп атап өтті ол.

Кәсіпорында өндіріс көлемі жылына шамамен 20 мың тонна МТБЭ, 30 мың тонна полипропилен, 50 млн. дана полипропиленді мата қаптары және 47,8 мың тонна түйіршіктелген полипропиленді құрайды.

Сонымен қатар, Министр облыс орталығында Балаларды қорғау күнін мерекелеуге арналған іс-шараның құрметті қонағы болды. Жағалауда мектеп пен колледждердің оркестрлер мен би ансамбльдерінің парад-байқауы өтті. Оған 7 мыңға жуық мектеп оқушылары мен студенттері қатысты.

Сонымен қатар, ол жаңартудан өткен «Жұлдыз» стадионына барып, балалар командалары арасында «ERG» компаниясының жүлдесіне арналған футболдан халықаралық турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Жасыл алаңда жеңімпазды турнирге қатысушы 8 команда Павлодар, Қарағанды, Семей, Нұр-Сұлтан, сондай-ақ Барнаул мен Омбы қалаларынан келген қонақтар өзара анықтайды.

Соңғы жаңалықтар