Павлодарда бензин тиелген көліктерден шыққан өртті сөндіргендер зардап шекті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда болған төтенше оқиғадан өрт сөндірушілер зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

«20 маусым күні Павлодар облысының ТЖ департаментінің қызметіне сағат 18.22-де қаланың солтүстік өндірістік аумағында орналасқан жүк көліктеріне арналған автотұрақта бензин толтырылған пластикалық ыдыстар тиелген 2 Камаздың өртеніп жатқаны туралы ақпарат түскен. Өрт сағат 19.15-де ауыздықталып, сағат 20.23-де толық сөндірілді», - делінген хабарламада.

Өрттің қауіптілігіне қарамастан өрт сөндірушілер 1,5 сағат бойы қауіпті сейілту үшін күресіп, кәсібилік көрсетті.

Алайда, қызметтік міндеттерін атқару барысында облыстық өрт сөндіру қызметінің екі қызметкері Данияр Тұхтаметов мен Дидар Рустимов зардап шекті.  Олардың беті мен қолдары күйген.

Қазіргі кезде оқиғадан зардап шеккен өрт сөндірушілер ауыруханада жатыр, жағдайлары қанағаттанарлық.

Алдын ала болжамға қарағанда, өрт жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамағандықтан шыққан.

Жалынды толық ауыздықтауға 40 адам мен 6 арнайы техника жұмылдырылды.

Соңғы жаңалықтар