Павлодарда белгісіз адам мектепте баллоннан сұйықтық шашып, 15 бала зардап шекті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодардың № 33 орта мектебінде болған оқыс оқиға туралы қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«23 қыркүйек күні сағат 11:00 шамасында Ленин кентінде Макаренко көшесі, 14 мекенжайындағы №33 орта мектепте белгісіз біреу 2-қабаттың дәлізіне баллоннан бұрышты сұйықтық шашқан», - деді басқарма басшысының орынбасары Тілекжан Галлямов.

Оқиға орнында екі жедел жәрдем көлігі, алты полиция қызметкері және Павлодар қаласының төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері жұмыс істеді. Мектеп ғимаратынан 672 оқушы эвакуацияланды. 15 бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта балалар ауруханадан шығарылған.

«Барлығы – 4а және 4б-сыныбы оқушылары. Ауыр жағдайда түскен балалар болған жоқ, оқушыларды педиатрлар қарап шықты. Екі балаға орташа ауырлықтағы улану диагнозы белгіленіп, ауруханаға жатқызу ұсынылды, ем тағайындалды, система қойылды. Дегенмен, жағдайлары жақсы болған соң ата-аналары ауруханаға жатқызудан бас тартты», - дейді басқармадан.

Кейбір балаларда жеңіл дәрежеде улану белгілері байқалса, енді бірінде ешқандай белгілер болмаған.









Фото: pavlodarnews.kz


Соңғы жаңалықтар