Павлодарда баспанаға кезекте тұрған 700-ден астам адам тізімнен шығарылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыс орталығында мүлікті түгендеу жүргізу барысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұрған 767 адам тізімнен алынып тастаған. Бұл туралы қалалық қаржы бөлімінің басшысы Әлия Қажыбаева айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Жыл сайын желтоқсан айынан сәуірге дейін түгендеу жүргізіледі. Пәтер алу үшін кезекте тұрған әр адам бойынша өкілетті органға сауал жолданады. Яғни, баспананың бар-жоғы анықталады. Егер Павлодарда тұрмаса немесе пәтер алған жағдайда кезектен алынып тасталады. Бірінші жартыжылдың қорытындысы бойынша тұғын үй комиссиясы түгендеу тізімін бекітіп, сайттарға орналастырады. Бүгінге дейін кезектің өзгеруі туралы шағым түскен жоқ»,-дейді Әлия Қажыбаева.

Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте 16012 адам тұр. Оның ішінде 2184-і ата-анасының қамқорлығынан айырылған, 4086-сы толық емес отбасы, 330 көпбалалы отбасы, 1137-сі І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан, 449-ы жарымжан бала тәрбиелеп отырған отбасы, 728-і зейнеткер, 198-і ауыр дертке шалдыққан, 151-і майдангерлерге теңестірілген, 2261-і мемлекеттік қызметші, 438-і әскери қызметші және 31-і тұрғын үйлер апаттық жағдайда деп танылған.

Бөлім басшысының айтуынша, 2018 жылы шілде айында әлеуметтік әлсіз топқа жататын тұрғындарға сатып алу құқығынсыз 72 пәтерден тұратын Ломов көшесі, 154/4 мекенжайы бойынша тұрғын үй тапсырылған. Баспаналы болғандардың ішінде бір Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, бір «Алтын алқа» иегері, 15 жетім, 55 әлеуметтік әлсіз топтағы адам бар. Жылдың соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы алты ипотекалық тұрғын үй қолданысқа енгізіледі. 

Соңғы жаңалықтар