Павлодарда баспана кезегінде тұрған 700-ден астам адам тізімнен шығарылған

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының орталығында мүлікті түгендеу барысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұрған 767 адам тізімнен алынып тастаған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы қалалық қаржы бөлімінің басшысы Әлия Қажыбаева айтты.

«Жыл сайын желтоқсан айынан сәуірге дейін түгендеу жүргізіледі. Пәтер алу үшін кезекте тұрған әр адам бойынша өкілетті органға сауал жолданады. Яғни, баспананың бар-жоғы анықталады. Егер де Павлодарда тұрмаса немесе пәтер алған жағдайда кезектен алынып тастайды. Бірінші жартыжылдың қорытындысы бойынша тұғын үй комиссиясы түгендеу тізімін бекітіп, сайттарға орналастырады. Бүгінге дейін кезектің өзгеруі туралы шағым болмады»,-дейді Әлия Қажыбаева.

Ол келтірген деректерге қарағанда, қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте 16012 адам тұр. Оның ішінде 2184-і ата-анасының қамқорлығынан айырылған, 4086-сы толық емес отбасы, 330 көпбалалы отбасы, 1137-сі І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан, 449-ы жарымжан бала тәрбиелеп отырған отбасы, 728-і зейнеткер, 198-і ауыр дертке шалдыққан, 151-і ҰОС қатысушыларға теңестірілген, 2261-і мемлекеттік қызметші, 438-і әскери қызметші және 31-і тұрғын үйлері апаттық жағдайда деп танылған.

Бөлім басшысының айтуынша, 2018 жылы шілде айында әлеуметтік әлсіз топқа жататын тұрғындарға сатып алу құқығынсыз 72 пәтері бар тұрғын үй тапсырылған. Баспаналы болғандардың ішінде бір ҰОС ардагері, бір «Алтын алқа» иегері, 15 жетім, 55 әлеуметтік әлсіз топтағы адам бар. Жылдың соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы алты ипотекалық тұрғын үй қолданысқа енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар