Павлодарда балалар ауылының экс-директорына сот үкімі шықты

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда балалар ауылының экс-директорына сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодардағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының бұрынғы директоры сыбайласымен бірге асфальт төсеу және оны монтаждау жұмыстарына арналған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Іс №2 қалалық сотында қаралды.

Тергеушілер мәліметінше, бұрынғы басшы мен оған көмектескен кәсіпкердің әрекетінен мемлекетке келтірілген шығын көлемі 6 миллион теңгені құрайды.

Айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің келтірген айғақтары, құжаттармен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденді.

«Прокурор сотталушыларды үш жыл алты айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Біз екі кішкентай баланың бар екенін және олардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескердік», - деді N 2 қалалық соттың баспасөз қызметінен.

Айыпталушылар кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды сұрады. Іс бойынша келтірілген залал өтелген жоқ.

Сотта атап өтілгендей, айыпталушыларға ұрланған мүліктің 10-нан 20 еселенген мөлшерге дейін айыппұл салу немесе екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы тиіс.

Сот шешімімен бұрынғы шенеунік пен кәсіпкер үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ, олар енді мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар