Павлодарда «Бақытты отбасы» бойынша құжаттарды қабылдау басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Бұл бағдарламаның көмегімен көп балалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үй құнының 10% бастапқы жарнасын төлеген жағдайда 20 жылға дейін кредит беру мерзімімен жылдық 2% ставка бойынша қарыз ала алады, деп хабарлайды pavlodarnews.

Құжаттарды 22-31 шілде аралығында Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша Open Pavlodar кеңсесінде №13 үстелде қабылдайды.

Қалалық ТКШ бөлімі тұрғын үйді бөлу секторының меңгерушісі Ақерке Еламанованың айтуынша, бүгін таңертеңнен бастап Павлодардан 50 отбасының құжаттары қабылданды. Спикер бағдарламаға көпбалалы немесе толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады деп түсіндірді.

Бұл ретте олар жоғарыда көрсетілген санаттардың бірі бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұруы тиіс, ал отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 42 500-ден аспауы тиіс. Дегенмен, өтініш беруші төлеуге қабілетті болуы тиіс: яғни, жұмысы болуы керек. Егер де анасы бала күтімімен демалыста болса, бағдарламаға әкесі қатыса алады.

Тағы бір айта кетерлік жайт - отбасында өтелмеген несие болмауы керек. Егер ондай болса, онда өтініш беруші оларды өтей алады, мысалы, бүгін, ал ертең бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады.

«Өтінімдерді қабылдау лимиті жоқ. Біз барлық құжаттарды 31 шілдеге дейін қабылдаймыз. Тұрғын үй алу кезегінде 4 мың толық емес отбасы, 135 мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы, 411 көп балалы отбасы тұр. Егер олардың барлығы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқысы келсе, біз барлық құжаттарды қабылдаймыз. Алдымен құжаттарды 31 шілдеге дейін қабылдайтын боламыз, кейінірек оларды тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тапсырамыз. Бағдарлама үш жылға есептелген және биылғы жылы тапсырыстарын мақұлдамағандар келесі жылы бағын сынап көре алады», - деп атап өтті Ақерке Еламанова.

Тұрғын үйді бөлу секторының меңгерушісі атап өткендей, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалар мен жоғары оқу орындарында немесе колледждерде оқитын 23 жасқа дейінгі балалар тәрбиелеп отырған отбасылар көп балалы болып есептеледі. Бағдарламаға қатысушы 10 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға қарыз ала алады.

Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан немесе жеке үй сатып алуға болады. Өтініш беру үшін өзімен бірге өтініш, жеке куәлік, неке қию немесе бұзу туралы куәлік немесе жұбайының қайтыс болуы туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі, өтініш беруші мен онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерін тіркеу туралы мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүлік туралы анықтама, мемлекеттік жәрдемақылар мен алименттер есебінсіз соңғы жарты жыл ішіндегі табысы туралы мәліметтер, сондай-ақ өтініш берушінің санатын растайтын құжат болуы қажет. Бұл құжаттардың көшірмелері ғана қабылданады.


Соңғы жаңалықтар