Павлодарда азық-түлік бағасы арзандады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы өткен жылғыдан 7-8 пайызға арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы әлеуметтік дүкендерге баға бойынша жасалған мониторинг кезінде қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Арман Асипов айтты.

«Бүгін әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мониторинг жасаудамыз. Қазіргі уақытта көкөністердің бағасы айтарлықтай төмендеуде. Картоп, сәбіз, қырыққабат және өзге де көкөністерді 50-60 теңге арасында алуға болады. Сондай-ақ сүт өнімдерінің де бағасы арзандады. Ірімшік, айран, сүт және майдың бағасы 5 пайызға дейін төмендеді. Қант қазір әлеуметтік дүкендерде 190-200 теңге шамасында сатылады. Яғни, 20 теңгеге арзандады. Жалпы, азық-түліктің бағалары тамыз айына қарағанда арзан. Ал, өткен жылғы осы уақыттағы бағадан 7-8 пайызға төмен», - деді Арман Асипов.

Оның айтуынша, еттің бағасы төмендеуде. Сиыр етін әлеуметтік дүкендерде 1350-1400 теңгеге алуға болады. Сонымен қатар, келесі өнім алатын уақытқа дейін бағаны тұрақтандыру үшін шаралар қолданылатын болады.

«Бізде тұрақтандыру қоры бар. Қорда қазіргі уақытта тек қант бар. Жуырда комиссия отырысы өтеді. 19 әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімі бар болса, соның кемінде 10 түрін қорға жинау жоспарлануда. Сол арқылы баға қымбаттаған кезде қордан арзанға өнімдер шығарылады. Оған қоса, шаруашылықтармен баға жөнінде арнайы меморандумдар жасалады», - деді ол.

Айта кетейік, Павлодар қаласында 28 әлеуметтік дүкен бар.



Соңғы жаңалықтар