Павлодарда Айт намазында көп балалы анаға 3 бөлмелі пәтер табыс етілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодар облысының жамағаты көп балалы, жалғызбасты анаға Ақсу қаласынан 3 бөлмелі пәтер тарту етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбай мәлім етті.

- Павлодар өңірінде барлық мешіттерде Ораза айт намазы таңғы сағат 07.00 де басталды, - деді Амантай Тойшыбай. - Қала орталығындағы жеті мешітке қарай мұсылмандар толассыз ағылып жатты. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңілі тазарған мұсылман Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні екі рәкат намаз оқып, тәкбір айтып, дұға жасады.

Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» зәулім мешітінде Айт намазы басталардан жарты сағат бұрын ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы уағыз айтып, «Ел үлесі-пәтерге!» науқаны бойынша Павлодар облысы жамағаты атынан төрт баласы бар жалғызбасты анаға Ақсу қаласынан толық жөндеуден өткен, үй жиһаздарымен жабдықталған 3 бөлмелі пәтер кілтін табыс етіп, осы сауапты шараның жүзеге асуына барынша үлес қосқан жамағат қауымына ерекше алғысын білдірді.

- Ардақты ағайын. Мінекей, мейірімі шексіз Алланың қалауымен қасиетті Рамазан айын өткердік, ұлық мереке - Ораза айтына да жеттік. Сіздерді шын жүректен осы бір ерекше күнмен құттықтаймын. Бұл иісі мұсылман жұрты үшін құрметті болған, қадірлі һәм қасиетті мейрам. Бүгінгі шара - сіздердің, халықтың осы мерекені шынайы сезініп, ықыласпен тойлатып, дүбірлетіп, мәз-мейрам, шат-шадыман күйде өткізсін деген ниетпен жасалып отыр. Мерекелеріңіз мүбәрак болғай, - деді Жолдас Қоспақұлы.

Соңғы жаңалықтар