Павлодарда Абайға ескерткіш орнатылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Биыл қазақтың ұлы ақыны, композитор, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай еліміз қалаларында ескерткіштер орнатылып жатыр. Павлодардағы ескерткіш қаланың орталық алаңынан орын тепті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Абай мүсіні көркем қоладан, тұғыры граниттен жасалған, биіктігі – 5,25 метр. Тұғырға Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген цитатасы жазылды. Ескерткіштің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Асқар Нартов. Оның эскиздік жобасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Қазақстандағы монументалды өнердің жаңа құрылыстарын орнату бойынша комиссия мүшелері таңдады.

«Бұл Хәкім Абайдың орнатылған әдеттегі ескерткіштердің бірі ғана емес, ұлы құндылықтар мен руханиятты еске салып тұратын қасиетті мүсін! Тән емес, жанның азығын іздеп, адам болмысын түсінуге тырысқан Абай жазбаларының жаңғырғы, міне, осы күнге жетті. Оның әр сөзі осы жерде тұрған адамдардың жанына қуат, рухына жігер, санасына ақыл беретініне сенімдімін», - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ашылу салтанатында.

Абай ескерткішін өңір басшысымен бірге абайтанушы, қазақ философиясы тарихын зерттеуші Ғарифолла Есім, опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев ашты. Салтанатты рәсімге Павлодар қаласының көрнекті өнер, мәдениет, әдебиет және журналистика қайраткерлері қатысты. Қонақтар жаңа ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оның қаланың басты әрі көрікті жерлерінің бірі болатынына сенім білдірді.

Ескерткіш ашылғаннан кейін Әбілқайыр Сқақов шараның құрметті меймандарымен бірге облыстық кітапханада шығармашыл жастармен кездесті. Бұл әдебиетте, музыкада, журналистикада, көркем және театр өнерінде өздерін дамытып жүрген жастар.

«Абай - жастардың маңызды досы, өйткені ол мәңгі жас. Мен 40-50 жастағы адамдарды «қола» деп атаймын. 30-40 жастағылар – «күміс». Ал 15-25 жастағы жастар – «алтын» ұрпақ. 10 жылдан кейін елді басқарып, кейінгі ұрпақтың болашағын құратын сіздер!», - деді жас ұрпақ өкілдеріне Ғарифолла Есім.

Кездесуге қатысқандардың арасында Шақат ауылдық мектебінің оқушысы Галина Евлоева да болды. Оныншы сынып оқушысы қазақ тілін үйренуді Абай шығармаларынан бастау керек екенін айтып, ақынның «Жүрегім, нені сезесің?» атты өлеңін оқып берді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов Абайдың тағы бір танымал шығармасы «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Танымал әнді бүкіл зал қосыла шырқады.

Одан соң қонақтар дарынды балаларға арналған №10 гимназияда болды. Биыл мектепке Абай есімі берілгелі 80 жыл толды. Осы жылы оқу орнында жаңа корпус салынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша безендіріліп, жабдықталды.

Суретті түсірген Валерий Бугаев


Соңғы жаңалықтар