Павлодарда 8 жасар бала өзенге батып кетті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы Усолка шағын ауданында 8 жасар бала суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 шілде күні орын алған.

«Сағат 18.40-та Усолка шағын ауданында орналасқан № 4 емхананың қасында ағып жатқан Ертіс өзеніне 2010 жылғы бала батып кетті. Баланың денесін жедел құтқару бөлімінің төрт қызметкері жағаға алып шықты. Бала шомылуға  арналмаған жерде суға түскен. Қанша ескерту жасасақ та, тұрғындар құлақ аспайды. Оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталып отыр» дейді ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетейік, 9 шілдеде ТЖД өткізген жоспардан тыс жиында айдың басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 8 адам көз жұмғаны айтылған болатын. Оның төртеуі - бала.

«Біз тұрғындарды талай рет ескерттік, - дейді бас құтқарушы Ерқанат Аққозинов. - Ертіс өзеніндегі судың деңгейі өткен жылға қарағанда жоғары. Жағажайға жақын және шомылу үшін аса қауіпті жерлерде 100-ден астам ескерту және тыйым салу белгісі орнатылған. Облыс орталығында және Екібастұз, Ақсу қалаларында судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауды ескертетін баннерлер орналастырылған». 

Соңғы жаңалықтар