Павлодарда 776 көпқабатты үй ыстық сусыз отыр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының жылыту маусымына дайындығы туралы онлайн өткен аппараттық жиында облыс орталығындағы 776 көпқабатты үй ыстық сусыз отырғаны айтылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Ертаев мәлім етті.
- Мамырда гидравликалық қысым арқылы желілерде сынақ болды. 263 ақау табылып, бүгінде 215 ақау жөнделді. 3 тамызда жылу желілерінде тағы сынақ жүргізілді. Сол сынақтан кейін Павлодар қаласында 776 көпқабатты үй ыстық сусыз отыр, - деді Ержан Ертаев.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, жылу желілерін жөндеу бойынша Павлодар қаласы мен Баянауыл ауданы жоспардан қалып келеді. Облыс орталығында 6,1 шақырым жылу желісі жөнделу керек. Қазіргі уақытта 1,86 шақырымда ғана жұмыс аяқталды. Ал, Баянауыл ауданында 4,2 шақырым жөнделу керек болса, бүгінде 0,6 шақырым ғана жөнделген.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов 1 қыркүйекке дейін үйлердің жылыту маусымына дайын болуын тапсырды.
- Аудан мен қала әкімдері 1 қыркүйекке дейін жұмыстарды аяқтауы тиіс. Сол уақытта үйлер жылыту маусымына дайын екендігі жөнінде құжатымен отыруы қажет. Сондай-ақ, халық үшін көмір бағасын қазірден қатаң бақылауға алу керек. Қымбатшылыққа жол беруге болмайды. Кен орындарындағы бағаны да біліп отыруға тиіспіз. 15 тамызға дейін бюджеттік ұйымдарға көмірді жеткізу бойынша келісімшарттар жасалып бітуі керек, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Айта кетейік, Павлодар облысында жылыту маусымы кезінде тұрғындар мен бюджеттік ұйымдарға 560 мың тонна қатты отын қажет. Тұрғындар – 427 мың тонна, бюджеттік ұйымдар 132 мың тонна көмір жағады. Бүгінде тасымалдаушылармен бюджеттік ұйымдарға 128 мың тонна көмір жеткізу жөнінде келісімшарт жасалған.


Соңғы жаңалықтар