Павлодарда 400-ге жуық адам қайырымдылық марафонына қатысты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Барлық жиналған қаражат Екібастұз қаласының №17 орта мектебінің математика және информатика пәнінің мұғалімі Бауыржан Сырымбетовтың шотына көз көруін қалпына келтіру операциясы үшін аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, отаға мұқтаж әріптесіне көмек көрсетуді Facebook-тегі парақшасында өңірлік білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы ұсынды. Екібастұздық педагогты «Ertis - adaldyq alańy» жобалық кеңсесі мен облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қолдады.

Бауыржан Сырымбетовке толық көрмей қалу қаупі төніп тұр. Төрт бала өсіріп отырған үлкен отбасының отағасы, ұлағатты ұстаз ауыр дертпен күресуде. Оған бірнеше ота жасалды, бірақ көз көруі қалпына түспеді. Мәскеудегі «СПЕКТР» офтальмологиялық клиникасының мамандары Бауыржан Маратұлына «4-ші сатыдағы екінші терминалдық глаукома» диагнозын қойды және ота жасауға келісті. Құны 580 мың рубль тұратын отаны жұбайы ғана жұмыс істейтін көпбалалы отбасының қалтасы көтермейді.

Павлодарда қайырымдылық марафонына мектептер, колледждер, ЖОО, облыстық және қалалық мемлекеттік мекемелердің өкілдерінен тұратын 400-ден астам адам шықты. Жарыс басталмас бұрын көптеген адамдар қайырымдылық жәшігіне өз үлесін қосты.

- Осыдан екі ай бұрын біз Екібастұз қаласынан облыс орталығына көшіп келдік. Бүгін жерлесімнің аурумен күресу жолында отбасымызбен қолдау көрсетудеміз. Бүгінгі күні осында жүрген барлық адамдарға алғыс айтамыз. Жүгіріске анам мен екі қызыммен бірге қатысамын, - деді облыстық ТЖ департаментінің инженері Бейсембай Сыздықов.

Сонымен қатар, «Жас Дарын» мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Майса Түсіпова әйелдер арасынан бірінші болып мәреге жетті.

- Мектеп ұжымымен бірге осы қайырымдылық марафонына қатысып жатқаныма өте қуаныштымын, Екібастұздық әріптесіме тезірек сауығуды тілеймін, - дейді Майса Түсіпова.

Айта кетейік, «Жас Дарын» мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әр жылдары жеңіл атлетика, қысқы және жазғы көпсайыс бойынша облыс және республика чемпионы және жүлдегері атанды. Сервис және тамақтандыру колледжінің тәрбие ісі жөніндегі басшысының орынбасары Наталья Покидовойдың айтуынша, осы оқу орнының ұстаздары мен студенттері 2,5 км қашықтыққа жүгірген.

Марафонның ең жас қатысушысы - 2,5 жастағы Варвара Кулебякина, ал ең үлкені - 64 жастағы Юрий Дорденко болды. «Ең тату отбасы» номинациясын Кулибякин, Слямов, Миронов, Борамбаев, Суворов, Жақсылықов, Махамбетов, Сыздықов, Ахметовтар отбасы иеленді.

Марафонда жиналған бүкіл қаражат Бауыржан Сырымбетовтың отбасына тапсырылды. Шара «Адал жүрек» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар