Павлодарда 27 жастағы жігіттен төрт күннен бері хабар жоқ

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар тұрғыны 4 күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 30 сәуір күні Тереңкөл ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын жүгінген.

Айтуынша, 27 жастағы ұлы Дархан Байток түнгі үштен бері хабарсыз.

Полиция қызметкерлері жедел-тергеу тобын құрып, өңірдегі бүкіл аумақтық бөлімшелерге, сондай-ақ облыстардың полиция департаменттеріне хабар берді.

– Бірінші күннен бастап жоғалған адамды табу үшін іздестіру шаралары жүріп жатыр. Иесіз үйлер, елсіз жерлер, су айдындары, қамыс қопалары, шалғындар, сай-шұңқырлар, ауыл шетіндегі жерлер, қараусыз қалған құрылыстар, пішен сарайлары қаралған. Далалы жерлерді шолуға квадракоптер қолданылды. Полицияда профилактикалық есепте тұрған адамдардың тұратын жері тексеріледі. Бұл жұмысқа еріктілер мен жанашыр азаматтар, ауыл тұрғындары қосылды. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, - деп атап өтті полиция.

Дархан Байтоқ туралы қандай да бір ақпарат білетін жан болса, 102 телефонына немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдаланып хабар бере алады.
Соңғы жаңалықтар