Павлодарда 216 отбасы баспаналы болды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында 216 отбасы қоныс тойын тойлады. Тұрғындарды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Жаңа тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. 1 шаршы метрінің бағасы - 120 000 теңге. Пәтерлердің аумағы 40-84 шаршы метр аралығында. Баспаналы болу үшін клиенттер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотында үй құнының 20%-на тең бастапқы жарна жинады. Мәселен, таза әрлеудегі бір бөлмелі және бағасы 5 миллион теңге болатын пәтерді сатып алу үшін үміткерлер шотына 1 миллион теңге қаражат салды. Осыдан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оларға жылдық мөлшерлемесі 5% болатын заем ұсынып, баспана иесі атануға көмектесті.

«Үйлі болған тұрғындар пәтер сатып алу үшін жоғары жалақы алудың міндетті емес екенін өз ісімен көрсетіп отыр. Ол үшін тұрақты орташа табыс және қаражат жинау қабілеті жеткілікті. Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қолдау көрсетеді. Бұған осы бағдарламаның аясында 2018 жылы баспанаға қол жеткізген 8 000-нан астам қазақстандықтың тәжірибесі дәлел. Павлодардағы бұл игілікті іс бүгінгі шарамен тоқтап қалмайды. Қосымша тағы 650 пәтер бойынша тұрғын үй сатып алушылар пулына іріктеу жарияланады», - деп түсіндірді Нұрлан Ақшанов.

Павлодар облысындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мемлекетті бағдарламадан бөлек «Өз үйім» бағдарламасы бойынша да баспана алады. Таза әрлеудегі үйлердің бір шаршы метрі  - 140 000-165 000 теңге аралығында. Жалпы алғанда 2019 жылдың наурыз айында екі нысан бойынша 216 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

«Өз үйім» бағдарламасына қатысу арқылы аталған пәтерлерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кез келген клиенті сатып ала алады. Бұл - бағдарламаның артықшылығы. Салымшының атында тұрғын үй болу-болмау керектігі туралы ешқандай талап қойылмайды.

Қазіргі уақытта Павлодар облысының әрбір 13-ші тұрғыны, яғни 55 000 адам Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде баспаналы боламыз деп ақша жинап жатыр. Жыл басынан бері Павлодар облыстық филиалының қызметкерлері 2,5 мыңнан астам заем берді.

Соңғы жаңалықтар