Павлодарда 1-сынып оқушылары мектеп ауласына ағаш екті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, сонымен қатар, Ертіс өңірінде жарияланған экология жылы аясында облыстық білім беру басқармасы «Болашақ бағы» күзгі көшет отырғызу акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

20 қазан күні 1-сынып оқушылары ата-аналарымен бірлесіп, облыстың барлық мектеп аумақтарында жалпы саны 11 мыңнан аса қылқан жапырақты, жапырақты, бұталы көшеттер отырғызды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Павлодар облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатxанұлы бүгінгі акцияның маңызы туралы айтты.

«Ағаш отырғызу - сауапты іс. Біз мектеп табалдырығын алғаш аттаған шәкірттер оқуды осындай игі бастамамен бастағанын қаладық. Оқушы 11 жыл бойы «өз ағашын» күтіп-баптайды. Мектепті аяқтағаннан кейін шәкірттер мақтаныш сезіміне бөленеді, өйткені ол мектепке өз естеліктерінің бір бөлігін тастап кетеді ғой»,-деді басқарма басшысы.

Акцияға ата-аналар мен балалар отбасы болып белсене қатысты. Бірінші сынып оқушысы Ева Шаповалова болса, болашақ баққа «Тілек капсуласын» көмді.


«Біз бүгін өте көп ағаш отырғыздық. Бұл капсуланы қазір ағаштардың түбіне көмемін және он бір жыл бойы ағашымды баптап, өсіремін. Мектеп бітіретін кезде капсуланы қазып аламын»,- дейді бүлдіршін.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты - оқушы, ата-ана және педагогикалық ұжымның бірлескен көгалдандыру жұмыстары арқылы тұлғаның еңбек, рухани-адамгершілік дамуы негізінде оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. 

Экологиялық, тәрбиелік іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.

Соңғы жаңалықтар