«Павлодар жылу электр орталығында апат болды» - фейк

Фото:
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар жылу-электр орталығында апат болғаны жөніндегі ақпарат – жалған. Бұл туралы Pavlodarnews.kz сайты Қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөліміне сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде Павлодар ЖЭО-да апат болғаны туралы ақпарат таралып жатыр.
«Бұл ақпарат жалған және шындыққа сәйкес келмейді. Қалалық жылу-электр орталығында ешқандай апат орын алған жоқ және олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. 26 қыркүйектен бастап қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастады. Бүгінгі таңда 1265 тұрғын үйдің 650-і жылуға қосылды, кеше жылу берілген үйлердің саны 278 болған, яғни, жылу беріліп жатқан тұрғын үйлердің саны күн сайын артып келеді», - деді бөлімнен.

Мәлім етілгендей, қазір қаладағы барлық жылу желілерін сумен толтыру қарқынды жүріп жатыр. Бұл бірнеше ондаған мың текше метр су. Жұмыстар 6 қазанға дейін аяқталады деп жоспарланған. Осыған байланысты кейбір үйлерде суды жылыту параметрлері төмендеуі мүмкін.
Қаланы жылуға қосу бойынша барлық ресми деректер мемлекеттік органдардың парақшаларында және «Павлодарэнерго» АҚ ресми сайтында жарияланады.


Соңғы жаңалықтар