Павлодар жастары нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлылығын тексереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Бүкіләлемдік банк бірлесіп қолға алған «Жастар корпусын дамыту» жобасы аясында қазақстандық жастар бірқатар әлеуметтік маңызды шараларды жүзеге асырады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біздің жобамыз бірегей және үш негізгі компоненттен құралған. Бірінші компонент - жастармен тікелей жұмыс, гранттар, әлуметтік стипендияларды қамтиды. Екіншісі - ҚР БҒМ мен жастар саясаты саласын институционалды тұрғыда дамыту және үшіншісі - жобаны басқару», - дейді ҚР БҒМ «Жастар корпусын дамыту» жобасын басқару тобының үйлестірушісі Гүлмира Ескендірова ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында өткен «Жасампаздық энергиясы» конференциясында.

Атап айтқанда, Бүкіләлемдік банк грантының қаражатына жастар аса өзекті әлеуметтік мәселелерді шешетін болады. Мәселен, жоба бағыттарының бірі Павлодар облысы, Ертіс ауданының Қоскөл ауылында наубайхана ашуға бағытталған. Ауылды қалың қар басып, жолдар жабылғанда ауылдағы 180 отбасы нансыз қалатын көрінеді.

Жобаның «Елки не палки» деп аталатын тағы бір бағыты мереке қарсаңында шыршаларды жаппай кесуден сақтайды. Шара аясында тілек білдірушілер жаңа жылдық мереке қарсаңында арнайы ыдысқа отырғызылған шыршаны жалға алады. Мереке өткен соң, шырша күресінге лақтырылмайды, қайтадан өз орнына отырғызылады.

Тағы бір маңызды жоба ерекше күтімді қажет ететіндердің өмір сапасын жақсартуға арналған. Атап айтқанда, Павлодар қаласының еріктілері қала нысандарының мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлылығын, жарамдылығын тексереді.

«Жобамыздың ерекшелігі сол, біз жастарға идеяларды жүктеп қоймаймыз. Немен айналысқысы келетіндерін өздерінен сұраймыз. Жоғарыда аталған жобалардың барлығы - жастардың өз бастамалары», - дейді Гүлмира Ескендірова.

Айта кетейік, бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында TedX форматында «Жасампаздық энергиясы» конференциясы өтті. Конференция форматына сәйкес, әр спикер 15 минутта жастармен жұмыс істеу тәжірибесі немесе идеясы жөнінде баяндады.

Соңғы жаңалықтар