Павлодар тұрғынынан 1,4 келі синтетикалық есірткі табылды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының тұрғынынан 1,4 келі синтетикалық есірткі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласындағы гараж кооперативтерінің бірінің жанынан Daewoo Nexia көлігін тоқтатты.

«Тексеру кезінде жүргізуші орындығының астынан ұнтақ зат салынған полиэтилен орамдары табылып, тәркіленді. Жеке тінту барысында жүргізушінің өзінен ұнтақ заты бар полиэтилен орамдары, тұрғылықты жерінен ішінде көк түсті, ұнтақ тәрізді заттары бар металл және пластмасса тостағандары, сондай-ақ электронды таразылар анықталды», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сания Ахметжанова.

Сот-химия сараптамасының қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар салмағы 920 грамм А-РVР психотроптық заты (жылдамдық) және салмағы 556 грамм психотроптық зат 4-метилметкатинон (мефедрон) екені анықталды.
Алынған синтетикалық препараттың жалпы салмағы – 1 келі 487 грамм.

Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.




Фото: polisia.kz




Соңғы жаңалықтар