Павлодар соты балаларын анасына сегіз жылдан кейін қайтарды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында сот ата-ана құқығынан айырылған анаға балаларын сегіз жылдан кейін қайтарды. Істі кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Успен ауданында тұратын әйел соттан төрт баласын - үш ұлы мен қызын қайтаруды сұраған. Ол тиісті талап-арызды балалар орналасқан «Кенжекөл» отбасылық үлгідегі қалашығына, Песчан арнайы мектеп-интернатына және «Жас Ұрпақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жолдаған.

Ең үлкен бала 17 жаста болса, кішісі - тоғызда. Сегіз жыл бұрын бейәлеуметтік мінез-құлқы үшін әйел аналық құқығынан айырылған. Сол кезде кішісі бір жасқа да толмаған.

Сотта талапкердің өкілі әйелдің тұрмысқа шығып, жұмысқа орналасқанын және әр балаға арналған бөлмесі бар үйді жалға алғанын айтты. Осы жылдар бойы ол балалар үйіне барып, киім мен керек заттар жеткізіп отырған. Қазір ол күйеуімен және үлкен ұлымен бірге отбасының басын қайта қосқысы келеді. Тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша оң мінездемесі де бар.

Сот отырысында аудандық білім бөлімінің өкілі талап-арызбен ішінара ғана келісті.

«Бүгінгі күні отбасы тұратын тұрғын үй жөндеуді қажет етеді. Өйткені үй ұзақ уақыт қараусыз қалған. Тұрмыстық жағдайларын тексеру барысында үйде саңырауқұлақтар бар екені анықталды.  Болашақта мұның барлығы балалардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан жақсы жөндеу жұмысын жүргізіп, ауладағы қоқысты шығару керек. Талапкерге тұрғын үй мәселесін шешу қажет. Өйткені қазір олар тұрып жатқан үйдің иесі бар. Ол ата-анасы қайтыс болғаннан кейін мұраны ресімдеуге ниетті», - деді білім бөлімінде.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот төрт баланың анасының талабын қанағаттандырған. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған балалар  аталған отбасыға тәрбиелеуге берілді.

 

Соңғы жаңалықтар