Павлодар облысының Железин ауданына жаңа әкім тағайындалды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Железин ауданын бұған дейін Павлодар аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған Айтуған Шайхимов басқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Железин ауданын төрт жыл бойы басқарған Қанат Қасқыровқа алғыс айтып, ары қарайғы қызметіне табыс тіледі. Содан соң аймақ басшысы аудан активіне бұған дейін аудандық мәслихаттың депутаттары қолдау білдірген жаңа басшыны таныстырды. Ол Айтуған Шайхимовке бірінші кезекте орындалуы тиіс міндеттерді жүктеді.

«Агроөнеркәсіптің дамуының негізгі көрсеткіші ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеудің жоғары деңгейі болып табылады. Ол үшін жаңа инвестициялар тартып, аудандағы аграрийлермен жұмыс істеп, жаңа өңдеу технологияларын енгізу қажет. Сонымен бірге, Ертіс өзенінің мүмкіндіктерін пайдаланып, қолданысқа енбеген жерлерді айналымға енгізу арқылы суармалы егіншілікті дамыту қажет», - деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, Әбілқайыр Сқақов адами капиталды дамытудың қажеттілігі туралы еске салды. Ол үшін ауданда білім берудің барлық бағыттарына: қосымша, инклюзивті, техникалық және кәсіби білім беруге басымдық берілуі керек.

Сондай-ақ, жаңа басшы спортты дамытуға көп көңіл бөлуі тиіс. Аймақ басшысы жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасының әлеуетін пайдаланып, спорттық инфрақұрылымды белсенді дамытуды тапсырды.

Аудан активімен кездесу кезінде Павлодар облысының әкімі «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсында үшінші орын алған Башмачин ауылдық округінің әкімі Меруертті Мадағұлова құттықтады.

Айтуған Шайхимов 1980 жылы Железин ауданында дүниеге келген. Павлодар мемлекеттік университетін «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша және Инновациялық Еуразия университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 1998 жылы Железин ауданының Еңбекші мектебінде мұғалім болып бастады. Осы оқу орнында директордың орынбасары болды. 2004-2007 жылдары «Қазақстан - Павлодар» РТРК АҚ облыстық филиалының редакторы, аға редакторы қызметін атқарды. 2007-2009 жылдары Павлодар облысы әкімінің аппаратында жұмыс істеп, аймақ басшысының баспасөз қызметін басқарды.

2009-2010 жылдары Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының жанындағы сараптамалық ақпарат орталығы директорының орынбасары болды. 2010-2012 жылдары Май ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет етті.

2012-2017 жылдары Павлодар облыстық мәслихатының аппаратына жетекшілік етті. 2017 жылғы сәуір айынан бастап VI шақырылымдағы Павлодар аудандық мәслихатының хатшысы болып тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар