Павлодар облысының тас жолдарында екі күн ішінде 125 адам құтқарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар учаскелерінде барлық бағыттар бойынша дизельді отынмен жүретін және қоғамдық көліктер үшін шектеу қойылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Десе де, ескертулерге қарамастан, азаматтар жолға шығуды жалғастыруда.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін түнгі сағат 00.20 шамасында «Vanhool» маркалы автобусымен «Худжанд -Новосібір» бағыты бойынша кетіп бара жатқан 91 адам жылыту пунктіне жеткізілді. Оның ішінде сегізі - бала.

- №1 автобус паркіндегі жылыту пунктіне жеткізілген азаматтардың барлығы Тәжікстан Республикасының азаматтары, - деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.

Екі күн ішінде ТЖ аумақтық органының қызметкерлері жедел түрде 125 адамды, оның ішінде 10 кәмелетке толмаған баланы эвакуациялады және жылыту пункттеріне жеткізді. Зардап шеккендердің ешқайсысы медициналық көмекке жүгінбеді.

Азаматтық қорғау қызметкерлері дауылды ескерту кезінде алыс сапарға шықпау керектігін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар