Павлодар облысының шенеуніктері «қалыптасқан иммунитет» жайында айтып берді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы әкімдігінің шенеуніктері «Приобретая иммунитет» («Иммунитет қалыптастыру жолында») фильмінде 2020 жылғы індетпен күресу жолындағы оқиғалар және одан алған сабақтарымен бөліскен. Онда аймақ оқшауланып, блокбекеттер қойылып, жұқпалы аурулар ауруханалары ашылып жатқан қауырт кезеңде қателесуге болмайтын әрі шұғыл шешімдердің қалай қабылданғаны туралы айтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Бірден бір қабылданған оңтайлы шешім - ол «Баянтау» спорт сарайында триаж орталығы ашылғаны. Онда пациенттер сырқатының ауырлығына қарай сұрыпталып отырды. Яғни, хәлі ауырлары бір ауруханада, орташасы екіншісіне, қанағаттанарлық жағдайда болғандар үшіншісі медициналық мекемеге жеткізіліп отырды. Триаж орталығы жедел жәрдемнің жұмысын жеңілдетуге айтарлықтай көмектесті, тек осы орталық арқасында біз жағдайдан шықтық, - дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.


Пандемияға және оның салдарына қатысты қабылданған тағы бір шұғыл шешім туралы өңір басшысының орынбасары Сәкен Шаяхметов еске алады. Карантиндік шектеулер енгізілгеннен кейін облыс тұрғындары үшін жедел, тіпті осы мезетте шешілуі қажет сұрақтар қордалана бастайды. Сөйтп, жағдайды ретке келтіру мақсатында жедел штабтың кезекті отырысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен жедел әрекет ету орталығын құру туралы шешім қабылданады.

- Жедел әрекет орталығында басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары тәулік бойы жұмыс істеді. Олар сол жерде тұрғындармен телефон арқылы мәселелерін шешіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырды. Бірінші тәулікте жедел әрекет ету орталығында 5 мың қоңырау қабылдады, ал жалпы 100 мынаң аса өтініш келіп түсті. Бұл тұрғындармен осындай байланыс желісін орнатудың тиімді болғанын көрсетеді, - дейді Орталық коммуникациялар қызметіне жетекшілік еткен Сәкен Шаяхметов.

Тағы бір дер кезінде қолға алынған маңызды шара дәрілік тұрақтандыру қорын құру болды. Фармацевтикалық компания директоры үстіртін жағдайда жұмыс істеуге тура келгенін айтады.

- Шілдеден қазан-қарашаға дейін жүк көліктері аптасына 3-4 рет келетін. Қазір жағдай түзелді, облыс дәріханаларында дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы препараттар, антикоагулянттар – барлығы 30-дан астам дәрі-дәрмек түрлері азаймайтын екі айлық қоры бар, - деп атап өтті Асхат Әкімбеков.

Денсаулық сақтау саласынынан өзге, өңірдің көптеген басқа бағыттарында да мәселен, білім беру, бизнесті қолдау, ауылдық жерлерде интернет байланысын жақсарту сияқты мәселелер шешімін тауып жатты. Ал, сол кезде үрейлі халық жаппай дүкенге жүгіруінің салдарынан туындаған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі туралы облыс әкімінің орынбасары Асайын Байханов былай дейді:

- Жете ме, жетпей ме? Мысалы, халық: «Қант бітіп қала ма немесе күріш бітіп қала ма?» деген ойда болды. Сол сауалдарға жедел әрі дұрыс жауап беру керек болды? Тауар жеткізу тізбегі үзілмеуі үшін сауда желілерімен, біздің фермерлермен келіссіздер жүргізіп, үлкен жұмыс атқардық. Сол уақытта, сәуір айында, азық-түлік тұрақтандыру қорында 600 тонна өнім болған. Бір ай 10 күн ішінде біз азық-түлік қорының көлемін 5 мың тоннаға дейін жеткіздік. Ал, ауыл шаруашылық кәсіпкерлері үшін «жасыл дәліз «ұйымдастырылды», - дейді Байханов.

Фильмде Павлодарда екі ай ішінде модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің қалай салынғаны да еске алынады, онда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы осы нысанның көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға себеп болғанын айтады.

- Мен қатты таң қалдым, осы аурухананы көргенде! Оны қай кезде салып үлгерген?! Сене алмадым! Медперсонал өте сыпайы, кәсіби құрал-жабдықтардың бәрі бар, - деп өз әсерімен бөлісті госпитальдағы емделушілердің бірі Виктор Бутенко.

2020 жылы Павлодар облысында денсаулық сақтау жүйесін ресурстық қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарды. Жедел жәрдем станциясының автопаркі толығымен жаңартылды, ӨЖЖ аппараттарының саны үш есеге, оттегімен қамтамасыз ету нүктелерінің саны жеті есеге, оттегі станцияларының саны 5,5 есеге ұлғайды. Медициналық қызметкерлер резервінде 600-ге жуық маман бар. Қазір өңірде егу науқаны жүріп жатыр, бүгінде вакцинаның бірінші және екінші компоненттерін облыстың 65 мыңнан астам тұрғыны алған.


Фото: Валерий Бугаев
Соңғы жаңалықтар