Павлодар облысының меморгандарында компьютерлер бір мезгілде сөндіріледі

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында мемлекеттік органдардың барлығында қызметшілердің компьютерлері автоматты түрде сөндіріледі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Дәурен Сарбасовтың айтуынша, Қазақстанда 98 726 мемлекеттік қызметші еңбек етеді.

«Қазір мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін анықтау кезінде психометриялық құралдар қолданылады. Егер үміткер жауаптарының шынайылығы 50 пайыздан төмен болса, ол адам әрі қарай әңгімелесуге жіберілмейді. Сонымен бірге, басқарушы лауазымдарға үмітті кандидаттар міндетті түрде эссе жазатын болды. Бұл үміткердің сауаттылығы мен сыни көзқарасын анықтауға мүмкіндік береді», - дейді Дәурен Сарбасов.

Атап өтілгендей, мемлекеттік органдарда кішкентай балалары бар қызметшілер үшін де икемді жұмыс кестесі енгізілуде.

«Департаментіміз бен бізге қарасты аумақтық бөлімшелерде пилоттық режімде жаңа жұмыс кестесі енгізілуде. Жұмыс уақыты таңғы 8.30-дан кешкі 17.30-ға дейін жалғасады. Түскі үзіліс жарты сағатқа қысқарды: 13.00-ден 14.00-ге дейін. Жұмыс кестесін бұзбаудың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдарда компьютерлердің автоматты түрде сөндірілуі қолға алынды. Бұл жүйе өңіріміздің барлық жергілікті атқарушы органдарында енгізілді», - дейді Дәурен Сарбасов.

Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілердің тапшылығы бар. Мәселен, департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәния Хасенованың айтуынша, облыста 551 бос орын бар.

«Олардың 108 басқарушы лауазымдарға арналған вакансиялар. Бос орындардың ең көбі Павлодар қалалық әкімдікке тиесілі. Онда 49 адам жетіспейді. Аудандық мемлекеттік органдарда 154 бос орын бар. Көбісі, яғни 31 вакансия Успен ауданында», - дейді Сәния Хасенова.

Сәния Хасенованың айтуынша, Успен ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің дифициті халық санының азаюы мен жалақының төмендігінен орын алуда. Ауылдық әкімдіктердегі жетекші маманның жалақысы 50-70 мың теңгенің деңгейінде.

Спикерлер атап өткендей, кейбір облыстық басқармаларды оңтайландыру процесі мамыр айында аяқталады. Оның барысында штаттың саны қысқартылмайды.

Соңғы жаңалықтар