Павлодар облысының бас дәрігері 3 млн теңге парамен ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы 3 млн теңге парамен ұсталды. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Павлодар облыстық департаменті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Оған облыстың медициналық мекемелеріне залалсыздандыру жабдықтарын сатып алу жүргізу барысында басымдық көрсету үшін жеке компания басшысынан 3 млн теңге сомадағы пара алды деген күдік тағылды", - деді Жанна Бастарова агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, күдікті ұсталды және уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұлтартпау шарасын қабылдау мәселесі шешіліп жатыр.

"Тергеу жалғасуда. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешім оның кінәсінің дәрежесін анықтау арқылы сотпен шығарылады", - деді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар