Павлодар облысының Ақсу қаласына жаңа әкім тағайындалды

None
None
АҚСУ. ҚазАқпарат - Ақсу қаласының әкімі болып Жанат Шұғаев тағайындалды. Бұған дейін Жанат Шұғаев Павлодар ауданын басқарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов жаңа басшыны Ақсу қаласының белсенділеріне таныстырды.

Облыс әкімі Жанат Шұғаевтың мемлекеттік және жеке сектордағы мол тәжірибесін атап өтті.

Жергілікті мәслихат Ақсу қаласының әкімі лауазымына ұсынылған кандидатурасын мақұлдады.

- Өкінішке қарай, соңғы бір ай үшінде біздің металлургтер қаласының аты бүкіл ел аузында. Ақсудың бұрынғы әкімі тарапынан айтылған сөздер БАҚ беттерінен түспеді. Мен оның әрбір айтқан сөзінің құзыретті органдар тарапынан зерттеліп, әлі де тексеруден өтіп жатқанына сендіргім келеді. Нұржан Кемерұлының бірқатар мәлімдемелерін мемлекеттік органдар ресми түрде теріске шығарып та үлгерді. Басқа мәселелер бойынша, мен айтып кеткенімдей, тексерулер жүріп жатыр. Қала әкімдігі ұжымының ішінде қалыптасқан жағдай да қоғам талқысына түсті. Осындай жағдайда, өкінішке қарай, Ақсу қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері төмендеп барады. Әсіресе, мұның бәрі Ақсу қаласының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында орын алғаны өкінішті. Сондықтан, қазір барлық ресурстар жағдайды тұрақтандырып, қала мен оның ауылдық аймағының даму қарқынын күшейту үшін жұмылдырылуы тиіс, - деді Әбілқайыр Сқақов жиналғандар мен жаңа әкімге.
Аймақ басшысы бірінші кезекте жылу маусымы басталғанға дейін жаңа қазандықтың іске қосылуын ерекше бақылауға алып, тұрғындар үшін тарифті қалыптастыру мәселесін тапсырды – жергілікті тұрғындардың қаржылық жүктемесін азайту мүмкіндігі қарастырылмақ.

Сонымен қатар, биыл Ақсудың ауылдық аймағы таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілуі қажет.

Тағы бір басымдық – әкімдік, қоғам, бизнес және инвесторлар арасындағы конструктивті диалог.
- Облыстық бюджеттен Ақсу қаласының бірден 11 мектебін жөндеп, жаңартуға қаражат бөлінді, - деді міндеттерді тізбектеп жалғастырған облыс әкімі. - Биыл іске асырылып жатқан «Заманауи мектеп» бағдарламасы облыс орталығы аясынан шығып, Ақсудан басталмақ. Білім беру саласын дамыту – стратегиялық мәселе. Біз жас ұрпақты дамыту ісін инвестицияны жасөспірімдер мен бұқаралық спортқа салу арқылы жүргіземіз. Мұз аренасын салу – ерекше назарымызды қажет ететін тағы бір маңызды мәселе.
Жанат Шұғаевқа қаланы абаттандыруды қолға алу тапсырылды.

Ақсу әкімі бір айлық мерзім ішінде қала инфрақұрылымын дамыту және рекреациялық аумақтарды құру жөніндегі ұсыныстар жасауы тиіс. Аймақ басшысы жоспарға жергілікті тұрғындардың талап-тілектері мен ұсыныстарын енгізу міндетті екенін атап өтті.
Ақсудың жаңа әкімі қаланың ескі тұрғындары мен еңбек ардагерлеріне де жеке таныстырылды.
- Біз өз қаламызды сүйеміз, жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысуға тырысамыз, - деді еңбек ардагері, Ақсу қара металлургия колледжінің бұрынғы директоры Федор Кисенков. - Жалпы, Ақсу қаласында өз мекенін бағалайтын жақсы адамдар көп. Бүгінде оның 60 жас мерейтойын ойдағыдай атап өту үшін көп іс тындыру керек. Сондықтан біз Ақсу қаласының өркендеуіне бағытталған әрбір бастаманы қолдауға дайынбыз. Біз жаңа аталған мұз сарайының бой көтеруін көп жылдар бойы күтіп келеміз.
Жанат Шұғаев 1960 жылы Павлодар облысының Май ауданында дүниеге келген.

1983 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын Павлодар облысының «Маяк» кеңшарында бастаған.

1985–1989 жылдары – Павлодар облыстық мамандандырылған экономикалық бірлестігінің бас агрономы.

1990–1991 жылдары «Маяк» кеңшары директорының орынбасары болып қызмет етті. 1991–1997 ж.ж. «Павлодар БАТТ» компаниясын басқарды.

1997–1998 жылдары ол «БАТТ» корпорациясының Солтүстік Қазақстан облысындағы басшысы болды.

Содан кейін ол бес жыл бойы Петропавлда алдымен «Смирновский элеватор» АҚ, содан кейін «Қиялы Астық» ЖШС кәсіпорындарын басқарды.
2003 жылы ол СҚО Аққайың ауданының әкімі болып тағайындалды.

2004-2006 жылдар аралығында – «Мамлютский мукомольный комбинат» ААҚ президенті.

2006 жылдан 2007 жылға дейін – Көкшетау қаласындағы «БАТТ Агроинвест» ЖШС бас директоры. 2007 жылдан 2009 жылға дейін Щучинск қаласындағы «Агрофирма Бурабай 2007» ЖШС басқарды.

2009–2012 жылдары Павлодар облысы Железин ауданының әкімі, 2012–2013 жылдары – Ертіс ауданының басшысы қызметтерін атқарды.

2013 жылдан 2014 жылға дейін Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 2014 жылдан 2018 жылға дейін - Качир ауданының әкімі (2018 жылдың қыркүйегінен – ​​Тереңкөл ауданы).

2018 жылдың желтоқсанында ол Павлодар ауданының әкімі болып тағайындалды.



Соңғы жаңалықтар