Павлодар облысының әкімі табысты мал шаруашылығына қажет факторларды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мал шаруашылығының өндірістік тізбегі жем-шөп қоры мен генетикаға негізделеді. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ҚР Парламенті Мәжілісінде «Ет және сүт өнімдерін өндіру, өңдеу және экспорттауды дамыту келешегі» парламенттік тыңдаулары барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ет және сүт мал шаруашылығының даму әлеуеті суға тікелей байланысты. Бұл фактіні Дүниежүзілік банктің және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жетекші сарапшылары да мойындайды. Су көзі мол болған жерде ғана мал шаруашылығын дамыту тиімді және орнықты болады. Мұндай аймақтар қатарына 720 шақырым жерде Ертіс өзені ағатын Павлодар облысын қосуға болады. «Тіршілік көзі» бұл өңірдің 8 ауданынан өтеді. Екінші су жолы - Ертіс-Қарағанды арнасы, оның 262 шақырымы біздің облыс аумағынан өтеді. Сондықтан да, біздің аймақта суарылатын жерлердің, шабындықтардың, жем-шөпті өндіру мен генетика саласының симбиозында ет және сүт мал шаруашылығының өндірісі тізбегі құрылды», - деді Болат Бақауов.

Әкімнің айтуынша, жем-шөп базасын жетілдіру үшін 70 мың гектар жер суарылады, ол үшін 430 суару машиналары мен құралдары қамтылған. Оның ішінде озық дисперстік технологиялармен жабдықталған 205 техника бар. Биыл суармалы жер көлемі 30 мың гектарға кеңейту жоспарланып отыр, ал 2022 жылға қарай олардың көлемі 140 мың гектарға жетеді.

Мал шаруашылығын дамытудың тағы бір негізгі факторы ретінде Б.Бакауов малдың генетикалық әлеуетін атады. Бұл көрсеткіш екі бағытта өседі: ең алдымен асыл тұқымды малды импорттау жолы бар. Облыста асыл тұқымды малды импорттау үлесі 12 пайызды құрайды. Өткен жылы 3,4 мың бас жеткізілсе, биылғы импорт 10 мыңға дейін артады және әзірге 2400 бас мал жеткізілді. Бұл шығындарды субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлінді.

Б.Бакауов атап өткендей, асыл тұқымды малды сатып алуды ынталандыру үшін бір малға республикалық бюджеттен 225 мың теңге, жергілікті бюджеттен тағы 112 мың теңге қосылады. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша жасалуда.

Әкімнің айтуынша, малдың генетикалық әлеуетін арттырудың екінші бағыты - жергілікті перспективалы тұқымды сапалы будандастыру. Мысал ретінде өткен жылы «Рубикон» ЖШС енгізген инвестициялық жобаны келтіруге болады. Бұл - өнімді будандастырудың толық циклі бар 1 128 бас шошқа өсіретін гибридті орталық. 65 мыңға жуық мал басы бар шошқа фермасының арқасында Павлодар облысы шошқа етін өндіруде бірінші орында тұр.

Кәсіпорын жергілікті нарықта ет өндіреді, өңдейді және сатады және шамамен 25 мың тонна етті экспорттайды.

«Мемлекеттік қолдау құралдарының, жеңілдікпен несие берудің және ғылыми көзқарастың арқасында ет пен сүт мал шаруашылығын дамытуға, қайта өңдеу мен экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік артады», - деді Б.Бақауов.

Соңғы жаңалықтар