Павлодар облысының әкімі энергия станцияларының жылыту маусымына дайындығын тексерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазіргі таңда өңірдегі әлеуметтік нысандарға жылу берілген. Тұрғын үйлерге келесі аптадан бастап жылу таратылатын болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Болат Бақауов Ақсуға жасаған жұмыс сапарында 70 мың тұрғыны бар қаланы жылытатын ақсулық ферроқорытпа зауытының қазандығында болды. Мұнда негізгі және қосалқы құрылғылардың жөндеу жұмыстары аяқталып, әлеуметтік нысандарға жылу беру басталған.

«Қысқы мезгілге біз толық дайынбыз, - деді АФЗ-ның бас энергетигі Игорь Кулешов. - Қазіргі кезде балабақшаларға, мектептерге және медициналық ұйымдарға жылу берілген. 24 қыркүйектен тұрғын үйлерге жылу беруді бастаймыз. Жылыту маусымында еш мәселе туындамауы керек».

Сонымен қатар, өңір басшысы қала құрамына кіретін Ақсу кенті тұрғындарының үйлеріне жылу энергиясын жеткізетін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-да болып қайтты. Аталмыш кәсіпорында №5 энергия блогының жөндеу жұмыстарына қарамастан жылу беру басталып кеткен.

«Павлодар облысындағы жылу станцияларының барлығы жұмысқа кірісуге дайын және сәйкес құжаттары бар, - деді Болат Бақауов. - Өңірімізде нормативті көмір запасы бар. Барлық әлеуметтік нысандар қатты отынмен 100 пайыз қамтылған. Оның ішінде жеке секторларға көмір тасымалдау бойынша артта қалу бар. Біз бұл туралы бірнеше рет ескерткен болатынбыз. Тағы да жеке үй-жайдың иелері алдын ала көмірмен қамтылуы керек екенін айтып өткім келеді. Оның үстіне барлық кеніштер мен көтерме орындарда көмір жеткілікті».

Айта кетейік, Ақсуда келер жылы жаңа қалалық қазандық іске қосылады. Оның жалпы құны 11 млрд теңгені құрайды. Салынып жатқан нысанда бір айдың ішінде қазандықтың жұмыстарына, ал, 2019 жылдың мамыр айында іске қосу жұмыстарына кіріседі.

Соңғы жаңалықтар