Павлодар облысындағы зауыт еңбек қауіпсіздігі талаптары бойынша аттестацияланады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облыстық кәсіподақ орталығының төрайымы Динара Айтжанова «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның Ақсу ферроқорытпа зауытындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының өкілдерімен кездесіп, өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша жол картасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 15 маусымда аталмыш кәсіпорында өндірістік жарақаттанудың алдын алудың жол картасы қабылданған болатын. Жалпы республика бойынша кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін 17 мың техникалық инспектор бақыласа, Павлодар облысында 1 223 техникалық инспектор жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қадағалауға міндеттелген.

«Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының бас директоры В.Я.Чихичин кәсіподақ ұйымы ұсынған жол картасы ұжым тарапынан да, басшылық тарапынан қолдау тауып отыр.

Ал зауыттағы кәсіподақ комитетінің еңбекті қорғау жөніндегі маманы Линар Рахаділовтің айтуынша, техникалық инспекторларға кәсіпорындағы жұмыс орындарын, өндірістік және санитарлық-тұрмыстық үй-жайларды, асханаларды тексеру үшін ай сайын 5 сағат берілген.

«Техникалық инспекторлар ай сайын өз жұмысы туралы өндірістік кеңестің алдында есеп береді. 2021 жылдың 1 тоқсанында 413 жұмыс орнында аралау жүргізіліп, 521 кемшілік анықталды. Еңбек жағдайларын жақсарту туралы 130 ұсыныс жасалды, 234 сигналдық парақ ресімделді», - дейді зауыттағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Николай Сухотерин.

Кездесу барысында Павлодар облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанова кәсіподақтардың қолында еңбек жағдайын жақсартуға және қауіпсіз жұмыс орындарын құруға қауқарлы бақылау тетігі бар екенін еске салды.

Ақсу ферроқорытпа зауытында өндірістік жарақаттануды төмендетуге бағытталған жол картасы жұмыс беруші мен мыңдаған қызметшіні ортақ міндетке жұмылдырып отыр. Бұл жолғы басқосу қорытындысы бойынша тараптар кәсіпорындардағы жұмыс орындарын еңбек жағдайы бойынша аттестаттау керек деген тоқтамға келіп тарқасты.


Соңғы жаңалықтар