Павлодар облысындағы су шайып кеткен жол қалпына келтірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Павлодар облысындағы республикалық маңызы бар жолды қалпына келтіру жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресми ақпаратқа сәйкес, республикалық маңызы бар «Қалқаман - Баянауыл - Үміткер - Ульянов» автожолының 101 шақырымында шайылған жолды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Жол учаскесі толығымен қалпына келді. Автокөліктер үшін қозғалыс ашық.

«Енді «Екатеринбург - Алматы» автожолының су шайған бір жол төсемі (795-856 шақырым) қалып отыр», - делінген комитеттің ресми xабарламасында.

Ал комитет төрағасы Владимир Беккердің сөзіне қарағанда, кешеден бері республика бойынша тұрғын үйлер мен аула аймақтарын су басу, республикалық маңызы бар жолдар арқылы су жүру оқиғалары тіркелген жоқ.

Айта кетейік, бүгінгі брифингте комитет басшысы елордаға жақын Қосшы ауылындағы ауыз су мәселесін түсіндірді.

«Ол жақта ауыз су жинақтайтын екі қондырғы бар. Біреуінде 6 ұңғыма, аталған қондырғы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, тағы бір қондырғыны салу жұмыстары басталған болатын. Онда 14 ұңғыма бар. Дәл осы қондырғының 9 ұңғымасын су басып қалды. Олардың бәрі істемей тұр, қалғаны дұрыс. Негізі, ол қондырғының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Ресми түрде пайдалануға да берілмеді. Алайда ол жерден ауыз су тұрғын үйлерге беріліп тұрады», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, тәртіп бойынша жаңа су қондырғысының айналасын топырақпен үйіп тастау қажет. Сонда ішіне су кірмейді. Бірақ ондай шаралар атқарылған жоқ.

«Негізі, қазір Қосшыда су бар. Маған солай баяндады. Бірақ тұрғын үйлерде ауыз су жоғары қабаттарға жетпей жатыр. Қысым аз, сол жағынан қиындық бар. 4-5 қабаттарға жетпей жатыр деді», - деп атап көрсетті В.Беккер.

Комитет басшысы Қазгидрометтің алдағы болжамына алаңдап отырғанын да жасырмады.

Соңғы жаңалықтар