Павлодар облысындағы егістіктерде жұмыс қарқынды жүруде

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданына барып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші кезекте Болат Бақауов Александровка тірек ауылына барды. Бұл жерде әкім ауыл ішіндегі жолдардың жөнделу барысын тексеріп, орталықтандырылған су желісінің тартылуын бақылады. Осыған дейін ауылда су құбыры ешқашан болған жоқ. Тұрғындар шахта құдықтарынан су алып жүрді. Сонымен қатар аймақ басшысы осы жылы салынған типтік ветеринарлық пунктіне кіріп шықты.

Әкімге берілген ақпарат бойынша облыстың 5 ауданында жалпы сомасы 320 млн теңгені құрайтын 20 жаңа ветпункт пайдалануға берілді. Онда ветеринарлық қызметке қажетті заттардың барлығы бар, соның ішінде қажетті бөлмелер мен автокөлікке арналған гараж да қарастырылған.

«Ветеринар жүйелі түрде әрбір үйді аралап шығуы керек. Себебі малдың бәрі бақылауда болуы тиіс. Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі етті мал шаруашылығын дамыту бойынша үлкен бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Сол себепті, келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында біз шетелден әкелген малды жоғары деңгейде күтіп ұстауымыз керек», - деді Болат Бақауов.

Сонымен қатар Болат Бақауов Орловка ауылында болды. Осында ол «Победа» ЖШС басшысының бастамасымен ашылған дуалды білім беру орталығына барды. Осы орталықта колледж және ЖОО студенттері ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге үйреніп, практикадан өте алады.

«Біз әрдайым жастармен жұмыс істеуге тырысамыз. Егін жинау науқаны мен кәсіпорынның басқа да жұмыстарына 28 студент жұмылдырылған. Солардың қатарында Шарбақты колледжінің студенттері де бар. Егістіктегі жұмыстарға жергілікті мектептің жоғары сынып оқушылары да шақырылады. Практика үшін балалар жалақыларын алады», - дейді «Победа» ЖШС басшысы Александр Поляков.

«Егістікте жұмыс істеуді маған әкем үйретті, сондықтан «Победа» ЖШС-на практикаға бірталай дағдылармен келдім. Менің жұмыс күнім сағат 11-де басталып, сағат кешкі 5-те аяқталады. Осында жұмыс істеудің арқасында бидайды өсіріп, жинаудың оңай емес екенін түсінесің», - деді он бірінші сынып оқушысы Александр Шиль.

Шарбақты ауданында аймақ басшысы жергілікті полиция қызметінің жұмысына байланысты жиналыс өткізді. Ол ЖПҚ қызметкерінің ең алдымен өздері жауап беретін учаскелерде болып, жергілікті тұрғындардың мәселелерін шешуге міндетті екендерін естеріне салды.

Соңғы жаңалықтар