Павлодар облысындағы ауданда 6 мектепке тарихи тұлғалардың есімі берілді

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының Успен ауданындағы 6 мектепке Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Мәншүк Мәметова есімдері берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Білім беру орындарының атаулары «Ұлы дала есімдері» жобасы аясында өзгертілген.

Успен ауданы білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Жиренованың айтуынша, аталған жоба аясында ономастика бөліміне бірнеше рет өтініш түскен. Дегенмен қолдау таппаған.
«Себебі мектептер әкімдікке, білім беру бөлімдеріне де бағынысты болмады. Ал 2021 жылы білім беру бөлімінің қарамағына өткен. 14 мектептің атауын ауыстыруға өтінін ұсынылды, нәтижесінде алты мектеп бойынша мақұлданды», - дейді Айнагүл Жиренова.

Атап айтқанда, № 1 Успен жалпы орта білім беру мектебіне қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог Ахмет Байтұрсынұлының, № 2 Успен жалпы орта білім беру мектебіне алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың есімдері берілді.
Сондай-ақ № 3 Успен жалпы орта білім беру мектебі – Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебі, Галицк жалпы орта білім беру мектебі – жазушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебі болып өзгертілді.
Ольгин жалпы орта білім беру мектебі қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімімен, Лозов жалпы орта білім беру мектебі әйгілі актер, режиссер Шәкен Аймановтың атымен аталатын болды.


Соңғы жаңалықтар